Жаңа Ата Заң жобасы – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді синтезі. Онда бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде белгіленген.
Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіледі. Қазақ халқының мүддесін білдіретін жаңа консультативтік орган – Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылып отыр. Бұл құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай қызметінің стратегиялық жалғасы болмақ. Осылайша, жалпыұлттық диалог жаңа деңгейге көтеріледі.
Вице-президент институтының енгізілуі басқару жүйесінің тиімділігін арттырады. Ал зияткерлік меншік құқығын қорғау нормалары инновациялық экономиканың дамуына жол ашады.Конституция жобасында тарихи сабақтастық та сақталған. Қазіргі Конституцияның ел дамуына қосқан үлесіне құрмет көрсетіле отырып, жаңа мәтінде заманауи талаптарға сай мазмұн ұсынылған. Ең бастысы – соңғы шешімді халықтың өзі жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» қағидатының нақты жүзеге асуы.
Жансая Әбдікәрімова, кәсіпкер




