Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында болашақ Парламенттің атауын өзгерту мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді. Бұл бастама – уақыт талабынан туындаған, терең мағынасы бар маңызды қадам деп есептеймін. Себебі «Құрылтай» атауы халқымыздың тарихи жадында сақталған, ел тағдыры шешілген, ең өзекті мәселелер талқыланған кеңесші әрі шешім қабылдайтын жоғары алаң ретінде белгілі. Осындай атауды Парламентке беру – ұлттық мемлекеттілігіміздің тамырын тереңнен тартып, заманауи саяси жүйемен сабақтастырудың айқын көрінісі.
Тарихқа көз жүгіртсек, Құрылтайларда ел бірлігі, жер тұтастығы, мемлекет болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Сондықтан бұл атаудың заң шығарушы органға берілуі – жай ғана атау өзгерісі емес, жауапкершілік жүгін арттыратын символдық мәні зор бастама. Мұндай қадам халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, ұлттық сана мен саяси мәдениеттің жаңғыруына серпін береді деп ойлаймын.
Сонымен қатар депутаттар санының шектелуі жөніндегі ұсыныс та орынды әрі негізді. Қазіргі кезеңде мемлекеттің даму сапасын айқындайтын басты өлшем – өкілдер саны емес, олардың кәсіби деңгейі, өмірлік тәжірибесі және ел мүддесіне адал қызмет етуі. Аз, бірақ сапалы құрамдағы Парламент заң шығару процесінің тиімділігін арттырып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықтың заң шығарушы билікке деген сенімін күшейтеді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңартылған заң шығарушы орган елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға заңнамалық тұрғыда берік тірек болуы тиіс. Осы орайда Парламент құрылымын оңтайландыру, комитеттер санын ықшамдау және басқару жүйесін нақтылау – уақыт талабы. Мұндай өзгерістер заң қабылдау үдерісін жеделдетіп қана қоймай, жауапкершілікті күшейтіп, әр депутаттың жұмысын нақты нәтижемен бағалауға жол ашады.
Қорыта айтқанда, Парламент атауын «Құрылтай» деп өзгерту бастамасы мен оның құрылымдық жаңғыруы – ел мүддесіне қызмет ететін, ұлттық болмысқа негізделген әрі жауапкершілігі жоғары саяси институт қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл өзгерістер мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіріп, халық пен билік арасындағы өзара сенімді жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.
Жылыой ауданының мәслихат депутаты
Ризангүл Айтенова




