Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізіліп жатқан тұжырымдамалық өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа сапалы кезеңін білдіреді.
Бұл реформалар мемлекеттің даму бағытын қайта айқындап, адам мен оның құқықтарын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыруға бағытталған.
Жаңартылған Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты бекітілуі. Мұндай ұстаным құқық үстемдігіне негізделген әділетті қоғам қалыптастыруға берік негіз қалайды. Сонымен бірге, бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарының басымдыққа ие болуы ел ішіндегі тұрақтылықты сақтаудың маңызын айқындай түседі.
Егемендік пен аумақтық тұтастықтың өзгермейтін ұлттық құндылықтар ретінде айқындалуы – мемлекеттіліктің беріктігін қамтамасыз ететін стратегиялық ұстаным. Ал әділеттілік, заңдылық, тәртіп және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттарының Ата Заңда көрініс табуы мемлекеттік басқарудың заманауи мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Мемлекеттік биліктің бастауы – халық екенінің нақтылануы азаматтардың ел басқару ісіндегі рөлін арттырып, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтады. Сондай-ақ білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы адами капиталға негізделетінін айқын көрсетеді.
Қорытындылай келе, Конституциялық өзгерістер Қазақстанның тұрақты, әділетті және өркениетті мемлекет ретінде дамуына бағытталған маңызды әрі уақтылы қабылданған шешім болып табылады.
Бекет Құлбаев




