Конституция – ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын басты құқықтық негіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Ата Заңы – Конституция туралы айтқан ұстанымдары Қазақстанның алдағы даму бағдарын айқындап, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелерге нақты жауап берген мазмұнды әрі салмақты бағыт-бағдар болып отыр. Президенттің көзқарасы еліміздің тек экономикалық емес, сонымен қатар рухани, әлеуметтік және құндылықтық тұрғыдан жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді.

Конституция – мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтатын негізгі қоғамдық келісім. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар халықтың сұранысына сай жүзеге асырылып, ел болашағына қатысты шешуші мәселелерді заңдық тұрғыдан бекітуге мүмкіндік берді. Бұл реформалар әділеттілік, теңдік және жауапкершілік қағидаттарын күшейтуді көздейді.

Президент өз сөздерінде экономикалық өсім, ішкі жалпы өнім көлемінің артуы, Ұлттық қордың нығаюы секілді көрсеткіштерге тоқтала отырып, бұл жетістіктердің барлығы ең алдымен азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Конституциялық реформалардың басты мақсаты – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру.

Сонымен қатар, Ата Заңда цифрландыру, жасанды интеллект, инновация мен технологиялық даму сияқты жаңа заман талаптарына сай бағыттарға құқықтық негіз қалыптастырудың маңыздылығы айқындалды. Бұл Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің ұзақ мерзімді әрі орнықты дамуына жол ашады. Білім мен ғылымды дамыту, адам капиталын нығайту – конституциялық құндылықтармен тікелей сабақтас.

Мемлекет басшысының «мемлекеттің басты күші – халық» деген қағидасы Конституцияның өзегіне айналған басты ұстанымдардың бірі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғам пікірін ескеру арқылы жүзеге асатын реформалар ғана еліміздің болашағын берік ете алады. Осы тұрғыда Конституция – әділетті Қазақстанды құрудың басты кепілі.

Роза Нагиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT