Бүгінде әлемдік экономикада инвестиция үшін бәсеке күшейіп келеді. Капитал ағыны үшін елдер арасындағы тартыс бұрынғыдан да қатал. Осындай жағдайда Қазақстан үшін инвестиция тарту мәселесі стратегиялық маңызға ие болып отыр.
Мемлекет басшысы да бұл бағытта жаңа инвестициялық кезеңді бастаудың қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі инвестиция тарту саясатына көз жүгіртсек, оның нәтижесі көңіл көншітеді деп айту қиын. Елге келіп жатқан қаражаттың басым бөлігі әлі де шикізат секторына бағытталуда. Әрине, мұндай инвестициялардан бас тартуға болмайды, себебі олар экономиканың тірегі болып отыр. Дегенмен бүгінгі күннің басты талабы – өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беру. Менің ойымша, ендігі кезеңде Үкімет инвестициялық саясатты түбегейлі қайта қарауы тиіс. Әсіресе жоғары технологиялы өндірістерге, қосылған құны жоғары өнім шығаратын салаларға инвестиция тартуға ерекше жағдай жасау қажет. Бұл үшін салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау және ұзақ мерзімді кепілдіктер қарастырылуы орынды болар еді.
Инвестиция тек ірі трансұлттық компаниялармен шектелмеуі тиіс. Орта және шағын инвесторлармен де жүйелі әрі тығыз жұмыс жүргізу маңызды. Өйткені дәл осы санаттағы инвесторлар өңірлерде жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын көбейтуге ықпал етеді. Бұл ретте мемлекет инвестицияның қай салаға, қандай мақсатта және қандай көлемде қажет екенін нақты айқындап алуы керек. «Инвестицияға тапсырыс» ел экономикасының шынайы сұранысына сай құрылуы тиіс. Бүгінде инвесторлармен жұмыс істеу жүйесінің күрделі әрі бытыраңқы екені жасырын емес. Қағазбастылық, түрлі мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіліктің қайталануы инвесторлардың уақытын да, қаржысын да рәсуа етеді. Ал қазіргі геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында инвестиция тарту – созбалауды көтермейтін, жедел шешімді қажет ететін мәселе.
Анар Мирова,
Жылыой ауданы тұрғыны



