Мен бұл құжатты жай ғана заңдық мәтін емес, елдің болашаққа берген уәдесі деп қабылдадым.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – ұзақ уақыт бойы қоғам ішінде пісіп-жетілген ойлардың, түрлі пікірлер мен ұсыныстардың нәтижесі. Ең бастысы, бұл жолы Ата Заң жабық кабинеттерде емес, халықтың көз алдында, ашық талқылаулар арқылы дайындалды.
Алты айға созылған қоғамдық диалог, екі мыңнан астам ұсыныс, Ұлттық құрылтай мен Конституциялық комиссияның ашық жұмысы – мұның бәрі мемлекеттің халықпен санасу мәдениеті қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – сенімге бастайтын жол.
Жаңа Конституциядағы басты бетбұрыс – адам құқықтарының ең жоғары құндылық ретінде танылуы. Мемлекет енді азамат үшін бар екенін нақты әрі айқын көрсетіп отыр. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілік сияқты қағидаттардың конституциялық деңгейде бекітілуі – сөзден іске көшуге жасалған маңызды қадам.
Бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы, пропорционалды сайлау жүйесі, Халық Кеңесінің пайда болуы саяси жүйені икемді әрі ашық етуге бағытталған. Бұл өзгерістер қоғамдағы әртүрлі көзқарастардың заң шығару үдерісінде естілуіне мүмкіндік береді деп сенемін.
Жаңа Конституция бізге тек құқық беріп қана қоймайды, сонымен қатар жауапкершілік жүктейді. Енді бұл құжаттың рухын өмірде жүзеге асыру – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Мұрат Хисметов, Құлсары қаласы тұрғыны




