Жаңа Конституция жобасындағы ең ірі институционалдық өзгерістердің бірі – 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Бұл бастама Мемлекет басшысының саяси жүйені кешенді жаңғырту идеясынан туындап отыр.
Бір палаталы модель заң шығару үдерісін жеделдетуге, жауапкершілікті нақтылауға және саяси процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі партиялардың рөлін күшейтіп, олардың кадрлық сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл – саяси партиялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратын маңызды қадам. Сонымен бірге, Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы – жалпыұлттық диалогтың жаңа институционалдық алаңы. Оның заң шығару бастамасы құқығына ие болуы – азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы байланысты нығайтады. Бұл шешім елдегі плюрализмді дамытуға және түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді. Вице-президент институтының енгізілуі де мемлекеттік басқару жүйесінің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл халықаралық тәжірибеде кең таралған модель және саяси тұрақтылықтың қосымша кепілі бола алады.
Ең маңыздысы – бүкіл реформа кең қоғамдық талқылаудан өтті. Алты ай бойы e-Otinish және eGov порталдары арқылы түскен екі мыңнан астам ұсыныстың қаралуы – реформаның инклюзивті сипатын көрсетеді. Ал түпкілікті шешімнің жалпыұлттық референдум арқылы қабылдануы – халықтың егеменді иелік құқығын нақты іске асыру.




