Қазақстан Республикасының Ата Заңын жаңарту жөніндегі ұсынылған жоба ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанын аңғартады. Бұл бастама қоғамда кең қолдау тауып, саяси-құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған маңызды қадам ретінде қабылдануда.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия дайындаған құжаттың басты ерекшелігі – оның ашықтық қағидатына негізделуі. Жобаға азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар тарапынан ұсыныстар енгізіліп, реформалардың халық пікірімен санаса отырып әзірленгенін көрсетеді. Бұл – билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтудың нақты көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бастамалары, соның ішінде Парламенттің бір палаталы моделіне көшу ұсынысы, шешім қабылдау үдерісін оңтайландырып, заң шығару жұмысын тиімді етуге мүмкіндік береді. Бұл идея Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылып, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында өзектілігін айқын көрсетті.
Жалпы алғанда, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Мұндай реформалар елдің тұрақты дамуына және демократиялық құндылықтардың нығаюына берік негіз қалайды.
Жасұлан Үссенов




