Қазақстан Республикасының Ата Заңын жаңарту жөніндегі ұсынылған жоба елдің саяси-құқықтық дамуындағы жаңа белесті білдіреді. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия әзірлеген бұл құжат қоғамның әртүрлі өкілдерінен – азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен пікірлер мен ұсыныстарды қамтуымен ерекшеленеді.
Бұл өз кезегінде реформалардың халықтан оқшау емес, ашық әрі кең қоғамдық талқылау негізінде жүзеге асқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің бір палаталы моделіне көшу жөніндегі бастамасы басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Аталған ұсыныс шешім қабылдау тетіктерін жеңілдетіп, заң шығару процесінің жедел әрі нақты болуына мүмкіндік береді. Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында көтерілген бұл мәселе қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен технологиялық, соның ішінде жасанды интеллект дәуіріндегі өзгерістерге бейімделу тұрғысынан өзектілігін арттыра түседі.
Тұтастай алғанда, жаңартылған Конституция жобасы – әділетті қоғам құруға, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды стратегиялық құжат. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа деңгейін қалыптастырып, Қазақстанның тұрақты әрі өркениетті даму жолына нық қадам басуына негіз болады.
Алия Сүйеубек




