Жаңа Конституция жобасының мазмұнына үңілсек, оның өзегінде адам тағдыры тұрғанын көреміз. Бұл – мемлекеттің адамға қызмет ету қағидатын нақтылайтын маңызды бетбұрыс.
Конституциялық комиссияның құрамына 130 адам кіріп, қоғамның барлық әлеуметтік топтары мен өңірлері қамтылды. Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Оның айтуынша, бұл жұмыс секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі. Жаңа редакцияда білім мен ғылым, мәдениет пен инновация негізгі идея ретінде айқындалды. Бұл Қазақстанның болашағы табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен өлшенетінін көрсетеді. Цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау туралы норманың енгізілуі – заман талабына берілген нақты жауап.
Сонымен қатар, кінәсіздік презумпциясы күшейтіліп, «Миранда ережесі» бекітіледі. Адвокатура туралы арнайы баптың енгізілуі құқық қорғау жүйесінің сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл – құқықтық мемлекеттің берік іргетасы. Жалпы, жаңа Конституция жобасы әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттарын нақты мазмұнмен толықтырып, азаматтардың сенімін нығайтатын құжат боларына сенім мол.
Аружан Қожасова, Жылыой ауданы тұрғыны




