var base_url = 'http://ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

«Жыр» болған пәтер дауы

Кезінде Кеңес өкіметі кезінде құрылысы қарқынды жүргізілген көпқабатты, қосқабатты ықшамаудандарға жұмыс бабымен сырттан келіп қоныстанып қалған көптеген адамдар Одақ ыдырағаннан кейін әркім өз жұртына көшіп кетті. Бос қалған пәтерлерді баспанасыз жүрген жергілікті тұрғындар өз беттерімен иеленіп алып, тұрақты мекен-жайға айналдырды. Бірақ кейін заман түзеле бастаған 2000 жылдардың басында көпшілігінің иесі табылып, олар үйлерін даулап, мәселе сотқа тіреліп жатқанын да талай естігенбіз. Одан кейін бағасы арзан мұндағы пәтерлерді Құлсарыға сауда-саттықпен келген еліміздің оңтүстік өңіріндегі ағайындар да келіп паналады. Олардың арасында қала поселке болып тұрғанда құны төмен үйлерден басыбайлы баспанаға сатып алып, құлсарылық болып шыға келгендері де аз емес. Таяуда аудандық сотқа сонау Отырар өңірінен талап арыз жолдаған келіншек сондай тұрғынның бірі еді.

Жас келіншек бұрынғы күйеуімен біраз жылдар Құлсары қаласындағы көпқабатты ықшамауданның біріндегі пәтерде тұрады. Ортақ некеден үш баласы бар ерлі-зайыптылардың дәм-тұздары жараспай, 2018 жылы Кентау қалалық сотының шешімімен ажырасып тынады. Сөйтіп шаңырағы шайқалған екеуінің тағдыры екі жаққа жол тартып, қазіргі Түркістан облысына біржола қоныс тебеді. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң олар Құлсары қаласында қалған ортақ мүлікті өзара бөлісе алмай, мәселе ақыры сотқа келіп тіреледі. Сотта талапкер ортақ үйдің бұрынғы күйеуінің атағында болғасын құжаттарын ала алмай жүргенін мәлімдейді. Ал қазір оңтүстік өңірдегі бір ауылдық жерде тұратын жолдасы алыстағы пәтерді арнайы маманға бағалатып, құнын да шығартып қойған екен. Сондықтан талапкер келіншек соттан пәтердегі өзінің үлесін есептеп, ортақ мүлікті теңдей бөлуді сұрайды.

Пәтердің ақшасын бөлісу үшін бұрынғы ерлі-зайыптылар сонау оңтүстіктен ат арытып Құлсары қаласына келді. Бірақ біразға созылған ерлі-зайыптылар арасындағы дау аудандық сотта кәсіпқой емес медиатор Ж.Байжановтың араласуымен медиация тәртібімен тез шешімін таба қойды. Олар сол жерде сотқа дейін ымыраға келіп, бір-бірімен татуласты. Сөйтіп 4 млн. 578 мың 804 теңгеге бағаланған ортақ баспананың 2 млн. 500 мың теңгесін жауапкер шілденің 31-іне дейін өндіріп беруге уәде берді. Ол үшін бұрынғы келіншегі сотқа берген талап арызынан бас тартатын болды.

Медиатордың ықпал етуімен жасалған ауызша келісім аудандық соттың судьясы М.Ысқақовтың ұйғарымымен бекітілді. Сөйтіп азаматтық іс жүргізу тоқтатылды.

Р.Сисен, аудандық соттың бас маманы,

сот отырысының хатшысы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner