ads_banner

21 адам бас бостандығынан айрылды

Өткен аптада аудандық соттың төрағасы Болатбек Жұмабаев аудандық соттың сот төрелігін жүзеге асырудағы 2019 жылғы 12 айында атқарған жұмысы жөнінде брифинг өткізді. Оған сот қызметкерлері, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Болатбек Бақтығалиұлының берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы аудандық сотқа барлығы 4923 іс пен жадығат түскен екен. Жалпы алғанда, оның 2779-ы азаматтық іс болса, 1807-сін әкімшілік іс құрады. Соңғысына байланысты 31 шағым түсіп, жоғарғы сот инстанциясына жолданды.

Тергеу судьясы 106 материал қарап, пробация бөлімшесінен келген 69 жадығатқа байланысты тиісті шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде 128 қылмыстық іс қаралып, 21 адам бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сотталған азаматтардың дені алаяқтығы, ұрлық, қарақшылық шабуыл жасағаны, есірткі затын сату мақсатында сақтағаны, мұнай өнімдерін заңсыз сатқаны және адам өміріне ауыр зиян келтіргені үшін темір торға қамалды.

-Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында пилоттық жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Әділ процесс». Ондағы «Е-СОТ» жобасына сәйкес сот процесіне дыбыстық-бейнетіркеу жүйесі қолданылады. Ол сотты қағазбастылықтан құтқарады. 12 ай ішінде 706 азаматтық іс, 112 қылмыстық және 1803 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер түгелімен дыбыс-бейне жазу құралын қолдану арқылы қаралды. Сонымен бірге сот ісін электрондық түрде қарау да кеңінен қолданылуда. Жыл ішінде осындай 28 электрондық қылмыстық іс түсіп, қаралды, - дейді сот төрағасы.

Осы тектес «Смарт сот» жобасы да өз нәтижесін беріп келеді. «True Conf» мобильді қосымшасы арқылы 125 азаматтық, 13 қылмыстық және 14 әкімшілік істер қаралды. Ал бейнеконференц байланысымен 30 қылмыстық, 7 азаматтық және бір әкімшілік істер аяқталды.

Қазіргі таңда сотта азаматтарды татуластыруға баса көңіл бөлініп келеді. Айталық «Татуласу сотқа дейін, сотта» жобасы аясында аудандық сот полиция бөлімі мен кәсіпқой медиаторлармен үш жақты меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде полиция бөлімінің анықтау, тергеу бөлімшесінде тергеліп жатқан 18 қылмыстық іс екі жақтың медиациялық келісімге келуіне байланысты қысқартылды. Жалпы жыл ішінде сотқа келіп түскен 318 азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Оның 230-ы талапкер мен жауапкердің татуласуына байланысты, ал 57 іс бітімгершілікпен, 4 іс партисипативтік келісіммен аяқталды.

Медиаторлардың араласуымен 10 қылмыстық және 217 әкімшілік іс те медиациялық келісіммен бітті. Сонымен қатар билер кеңесінің араласуымен 26 дау өз шешімін тапты. Төраға Б.Жұмабаев бұдан өзге де пилоттық жобалар бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат берді. Соңынан журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз

COVID 19

covid

Күнтізбе