Қосшағылдықтар түнімен футбол ойнайды

қосшағылдықтардың футболға қызығушылығы зор

Жігіттер жағы футбол десе, ішкен асын жерге қоятын халық қой.

Шетінен мүйізі қарағайдай бір-бір шетелдік футбол клубтарының, оның ішінде бір-бір теңбіл доп корольдерінің фанаттары. Керек десең, әрбір ойыншының атын атап, түсін түстеп береді. Түртіп қалсаң, үндеместің өзі олар туралы шабыттана сайрап кетеді. Ғайыптан тайып, білгішсініп мақтағаның «жұлдызы қарсы» футболшы болса, қызарақтап жақтырмай да қалады. Төрт жылда бір сағындырып келетін футболдан әлем чемпионатын ұйқысын қиып, таңды таңға ұрып қарайтын, ойыншылардың атын атап, түсін түстеп білетін де солар.

«Құдай-ау, дып-дырдай боп қаумалап бір допты қуалап жүрген не деген есерсоқтар» деп бір кемпір айтпақшы, сырттай еріккеннің ермегі сияқты болғанмен, футбол - спорттың королі, миллиардтаған айналым да сонда, бренд-футболшыларға өз өнімдерін кигізу бақытына ие болған кәсіпкерлердің бизнесінің шарықтау шегі де сонда, карт ойынындай саясат та сонда. Осындай салмақты спорттың ойыншылары футболшылар – сымбаттылығы былай тұрсын, ең бай адамдар деседі.

Қайткенде де футбол - ерлердің есін алатын спорт түрі. Ал мұны дамыту бұқаралық спортты дамытудан белең алмай ма? Шынтуайтында, әлемдік шаршы алаңдарда өзін миллиондарға мойындатып жүрген теңбіл доптың шеберлері түкпірде туған сіңірлі ұзын сирақтардан шықпады ма? Біздің елдің футбол командалары үшін әлемдік чемпионатқа қатысу әзірге алыс арман, әр елден «әке-көкелеп» футболшылар шақырғанның өзінде оның бергі жағындағы ойындарда да кәмпиттен құр қалған баланың күйін кешіп жүргені белгілі.

Иә, футболды дамыту үшін мұның бұқаралық сипат алуы шарт екені айтпаса да белгілі. Әр ықшамауданда, әр аулада төбелес-жанжал емес, доп додасы, спорт бәсекесі боп жатса, бұның ұрпақтың денінің саулығына ғана емес, тәрбиеге де зор үлесі болмас па? Бұл тарапта ауданымызда соңғы жылдары кіші аяқдоп алаңдарының салына бастағаны көңілге медеу. Бір қуанарлығы, сол алаңдардың құр бос жатқанын көрмейсіз. Мәселен, бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген Қосшағыл ауылындағы мектептің жанында орналасқан кіші аяқдоп алаңын ауыл жігіттері әр күн сайын дерлік спорт мейрамына айналдыруда. Жұмыстан, оқудан қолы босаған олар кеш түскеннен қас қарайғанға дейін электр жарығының сәулесімен теңбіл доптың қызығына түседі. Ауылда бірнеше команда қалыптасып та үлгерген. Олардың ойынын тамашалауға келетін кішкентай фанаттар да бар. Аудандық, облыстық футбол жарыстарында алдыңғы лектен көрініп жүрген құрама команда да қосшағылдықтардан екенін қоса кетелік.

Иә, бала кезімізде футболдан әлем чемпионаты басталғанда ауылдың чемпионаты қоса қабат басталып кететін кездері көп болатын. Ағасы бар, баласы бар – барлығы ауылдың сыртына, құм шағылдардың арғы жағындағы, өріс беттегі сортаң алаңға шабатын. Ойбуйй, ондағы «чемпионатты» көрсеңіз: бұл жүрегі шамалы бала-шағаның көретін ойыны емес, шынайы «әлем кубогіне» талас боп жатқандай болатын еді ғой. Міне, ауылда сол буынның арманы бүгінде орындалып, заманауи кіші аяқдоп алаңы бой көтеріп отыр. Бұл қосшағылдықтарға аздық етіп тұрған жайы бар. Дегенмен, естуімізше, тағы біреуі салынбақшы екен. Сонымен қатар, осы ауылға денешынықтыру және спорт кешені құрылысына қаражат бөлінді деген жағымды хабарды да білдік. Осындай қажетті спорт нысандары көбірек салынса, қай-қай спорт та бірте-бірте бұқаралық сипат алар деген ойдамыз. Алаңдарды тиімді пайдаланып, бос уақытын спортпен айналысуға жұмсауға құлшынып тұрған тұрғындар болса, неге «жанам жеген жүрекке от бермеске?!» Мүмкін Роналду, Месси, Салахтар солардың ортасында жүрген шығар? Армандауға да болмай ма..?

С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521