Бапкер мерейі

Жылыой өңірі талантты азаматтарға кенде емес.

Киелі мекеннен ақын да, батыр да шыққан. Осындай азаматтардың бірі - Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Асан Раушанов. Бүгінде 55 жасқа толған спорт ардагерінің құрметіне Атырау қаласында дзюдодан 2005-2007 жылы туған жасөсірімдер арасында ашық республикалық турнир өтті. Асан Сайынұлы 1964 жылы 25 қарашада Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Амангелді кентінде дүниеге келді. 1971 жылы Ембі ауданы, Қазақстан совхозы, Шоқпартоғай селосында А.Жданов атындағы орта мектебінің 1-сыныбына барды. Мектеп қабырғасында жүріп күрес секцияларына қатысып, аудан, облыс жеңімпазы атанған. 1982 жылы қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаңадан ашылған спорт факультетіне түсіп, 1988 жылы ойдағыдай оқуын бітірген соң өзі оқыған мектепке дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып орналасты. 1989 жылы іскерлігімен көзге түсіп, ауданаралық мектеп оқушылар спартакиадасында №3 орта мектеп тұңғыш рет командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.

Мектепте дене тәрбиесі пәні мұғалімі бола жүріп «самбо» күресінен секция ұйымдастырып, еңбекақысына күрес кілемін сатып алған оның сол кездің өзінде көптеген шәкірттері облыс, республика және одақ дәрежесінде өткен жарыстарда топ жарды. 1993 жылы КСРО-ның ыдырап, жағдайдың қиын мезгілінде мектептен шығып, жеке «Бәйтерек» палуандар мектебін құрып, Шоқпартоғай ауылындағы иесіз қалған дүкен ғимаратынан ауылдастарды жұмылдырып, палуандар мектебін жасақтап, сол жерде ауыл балаларын дайындаған. Дайындаған шәкірттері мақтанарлықтай үлкен жетістіктерге жетті.

Олар Кощанов Аманбек, Амантай Өришанов, Жандос Қиянов, Сұлтанбек Қосжанов, Қайрат Нұрхатов, Береке Қайыржанов, Асман Есенғожиндер көптеген республика, одақ деңгейінде өткен жарыстарда жүлделі орындар алып жүрді. Асан Сайынұлы 1988-1993 жылдары дене тәрбиесі мұғалімі және Жылыой балалар спорт мектебінде жаттықтырушы, 1993-2002 жылдары жеке "Бәйтерек" палуандар мектебінің директоры, 2002-2003 жылдары Жылыой аудандық жастар, туризм және спорт бөлімі меңгерушісі, 2005-2007 жылдары Жылыой аудандық балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болды. 2007-2012 жылдары Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлім бастығы, 2013-2014 жылдары Атырау облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. 2003-2009 және 2012-2015 жылдары Атырау облысының Дзюдо күресі федерациясының абыройын асқақтатты.

90-жылдары, қазақ елі жаңадан егемендік алып, барлық өнеркәсіп, мекемелердің жұмыстары жаңадан қалыптасып жатты. Осындай қиын мезгілде спортты тастамай, аудан, облыс, қала берді республикамыздың намысын қорғаған самбо күресінің сол кездегі мықты палуандарының көпшілігінің еңбегі елеусіз қалды. Содан бері біраз уақыт өтсе де, республикалық самбо федерациясы басшысы Каймен Есендияров мырзаның ұсынуымен олардың еңбегін ескеріп, Самбо күресінің ардагері деген құрметті атағымен және төсбелгісімен марапаттады. Атап айтсақ, олар: Асанның шәкірттері, Шоқпартоғай ауылының бір топ самбо күресінің палуандары - Жандос Қиянов, Наран Ешібаев, Асман Есенғожин, Сұлтанбек Қощанов, Аманбек Қосжанов, Амантай Оришанов, Береке Қайыржановтар.

Қ.Дүйсенбетов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521