Ұлттың ұлылығы ұрпақ тәрбиесінде

Ұлым, сен - шаңырақ иесісің, өмірді жалғастырушысың, жанұя деген кіші мемлекеттің басшысың...

Ана құрсағында жетіліп, отбасында ана тілі, ұлттық тәлім-тәрбиемен дамыған, қазақы ортадан қорек алған ұрпақ ешқашан өз ұлтын сатып, елін тастап кетпейді. Кеңес кезінде 7 бөлімнен тұратын Моральдық кодекс болды. Оны әр азамат бұлжытпай орындаушы еді. Сол сияқты нақтыланған ұлттық салт-дәстүр, тіл, дін тұрғысында тәрбие беретін, орындалуы барлық салаға міндеттеліп, талап етілетін идеология болу керек деп есептеймін. Біз көп жылдар бойы ата мен әже тәрбиесінен ажырап қалдық, ұрпақ тәрбиесін балабақшаға, мектепке, үкіметке тапсырып, ата-ананың баласына беретін тәліміне мән бермедік.

«Жұт - жеті ағайынды» дейді. Бүгінгі таңдағы ерте жүктілік, айырылысудың көптігі, әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы, жарымжан ұрпақтың дүниеге келуі, бедеулік, белсіздік, қыздарымыздың шет елдіктерге тұрмысқа шығуы ұрпағымыздың ар-намыс, ұят деген құндылығымыздың әлсіреп, жұт алдында тұр ма деп қорқамын.

Сондықтан тез арада етек-жеңімізді жинап, ұрпағымызды жөргегінен ұлттық құндылықтарымызбен тәрбиелеуіміз қажет. Бұл орайда ұлттың болашағы - қыз балаларға мейлінше көңіл бөлмесек, барымыздан айырылып қаламыз. «Кеш қалмайық» бағдарламасының өткен жылғы 7 желтоқсандағы көрсетілімінде елімізде сағатына 7 жұп, тәулігіне 150 жұп ажырасады деген мәлімет айтылды. Бұл статистиканың басында қазақтың салт-дәстүрі мол сақталған Маңғыстау облысының тұрғанына не дейік?

Бұдан бұрынырақ баспасөзде облыс, ауданымызда жыл ішінде жұптасқандардың 60-70%-ы ажырасады делінген. Бұл - жанұяға, ұлтымызға, мемлекет қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Әр ата-әже, әке-ана ұл-қызын отбасына ерте бастан дайындау керек. Өйткені олар Алланың қалауымен, табиғат заңымен ертелі-кеш тұрмыс құрады. Сол кезде «Үйленудің оңай, үй болудың қиындығынан» ажыраспас үшін айтып отырмын мұны. Баланы мектеп бітіргеннен кейін тыңдата алмайсың, қазір жігіт қалыңдығын өзі таңдап, содан кейін ата-ана құдалық рәсімін жасайды. Сөйте тұра олар көп ұзамай ажырасып кетеді. Себеп көп. Алла жұптасуды, оның беріктігін қалайды.

Бөлтірік шешен айтқандай, «Азбайтын байлық, ол - ақыл, жоғалмайтын байлық, ол - ақыл. Таймайтын, адал қолдаушың, ол - ақыл, жел жетпес жүйрік, ол – ақыл, ердің басына қонатын бақ, ол - ақыл, жарығы тұтас елге түсетін шырақ, ол - ақыл. Ақылсыз басқа қонған бақ – баянсыз». Осыны үнемі еске ұстап, барлық қабылдар шешімімізді ақылға салсақ, айрылысу да аз болар.

«Ұлым, сен - шаңырақ иесісің, өмірді жалғастырушысың, жанұя деген кіші мемлекеттің басшысың. Ата-анаңды, жарыңды қадірлеуге, жанұяңның беріктігіне, ол үшін ішкі-сыртқы шаруашылығын қабілетің жеткенінше ұйымдастыруға, үй ішін асырауға, отбасыңнан алған жақсы тәрбиеңді одан әрі толыстырып, өз ұрпағыңды тәрбиелеуге міндеттісің.

Балам, отау құрғанша бір-біріңнің оғаш қылықтарыңды, қателіктеріңді көрмейсіңдер, кем-кетік жұптасқаннан кейін білінеді. Ондайда екеуің екі отбасынан тәрбиеленгендіктеріңді ақылға сал. Отбасылардың тыныс-тіршілігі, шаруашылығы әртүрлі екендігін ескеріп, жұбайыңды таныстыр, мүмкіндігінше кемшілігіне кешірімді бол, ашуланып бетіне баспа, жақсы ісін қолда. Өзің өмірдегі барлық оғаш қылықтардан аулақ бол. Қандай қиыншылық болса да ақылмен шешуге болатынын есіңнен шығарма, сонда бақытты жанұя боласың.

Қызым, келінім, сен - жанұяның қуанышы, берекесі, ұрпақ өсіруші, ұлтты құраушы екеніңді үнемі есіңе сақта. Сен жар таңдағанда онымен бақытты бола жүріп, бір жанұяны, әулетті бақытқа бөлейтініңді ұмытпа. Ол үшін әйел істеуге тиісті жұмыстарды үйреніп келуге міндеттісің.

Халқымызда «Жақсы әйел нашар еркекті ер етеді, жаман әйел азаматты жер етеді» деген даналық сөз бар. Өзің ұнатып қосылған еріңді сыйлау, оның мерейін барлық ортада көтермелеу, жақсылығын қолдау, үнемі көңіл бөлу өзіңді төмендету емес, керісінше өзіңді құрметтеу, ата-анаға, ағайынға, бүкіл ортаңа қадірлі болу. Қандай болса да жарыңның ата-анасын құрметте, бауырларыңмен сыйлас. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген бар. Себебі сенің ұрпағың бәрін көріп өсіп, сол қылығыңды өзіне жасайтынын ұмытпа. «Көңіл деген - шарайна» ғой. Ол сынса, түзелмейтінін, шырмасаң да жарығы қалатынын ескеріп, жарыңмен, ата-анасымен қатты сөзге келмей, не нәрсені де ақылмен шешуге жұмыстан. Екеуің бір-біріңнің нені қалайтындарыңды, қандай тамақты ұнататындарыңды, кімдермен араласуды, т.б. жақсы көретіндеріңді білу шарт. Жақсы істеріңе рахмет айтып, қателік үшін кешірім сұрап, оны кешіре білу бір-біріңе ынтымақтарыңды арттырады. Алла берген несібелеріңді, бірігіп тапқан табыстарыңды ұқыпты жұмсау, азды көптей, көпті көлдей ететін - әйел. Алысты жақын ететін, ағайынды бауыр ететін, досты қадірлейтін, бала тәрбиелейтін үйдің берекесі - әйел. Татардың классик жазушысы Фаузия Байрамова: «Ақылсыз желөкпе қатын, жеңілтек қыз - бір жанұяның емес, ұлттық соры» деген екен. Ондайлар отбасын сақтай алмайды. Үйде жүргенде денеңді жинақы ұстап, халатыңды ауыстырып, дастарханда тамақ ауыстырып жасасаң, күйеуіңе де «мына галстук жарасады» деп ұсыныс айтсаң, сүйкімдірек көрінесің. Сәйкесінше азаматыңнан сонша жылылық, ынтызарлық көресің. Көптеген азаматтар жақсы көру, ризашылығын сөзбен айта алмайды оны ыңғайымен сезіну керек. Әр адам болған жағдайға, айтқан сөзіне ашумен емес, ақылмен есеп беруі керек. Жары мінезсіз болса, үйде тыныштық, жылылық болмаса, орынсыз кінә тақса, ер-азаматта береке болмайды, жалғызсырайды, кетіп қалады, жылылықты даладан іздейді немесе ішімдікке, одан әрі азғындыққа салынады. Осыдан сыйласпау, ауыр сөздер айту, қол жұмсау басталады. Бұл бірнеше баламен ажырасуға соқтырады.

Ажырасудың себептері көп қой, менің есебімде төмендегідей:

  • 1.Отбасы тәрбиесі деп жүр, мен дастархан тәрбиесінің кемдігі деймін. Себебі бала мектеп бітіргенше ата-ана не істесе, не айтса, бәрін көріп өседі. Қызың ештеңе істемесе, жалқау, мінезсіз, салақ болса, сенің кінәң. Тұрмыс құруға даярлауды ата-анаға тапсыруым содан.
  • 2.Тұрмыстағы қыз анасының жиі сөйлесіп, оған жақ болуы, төркініне жиі келуіне тыйым бермеуі. Кейбір құдағайлардың «Менің қызым оқыды, көп нәрсені білмейді, құдағай, өзің үйретесің» дегенін естіп жүрмін. Сонда мен қай жер болса да ұшып тұрып: «Не айтып отырсыз, 22-23 жыл өзің үйретпегенді құдағай қалай үйретеді?» деген кездерім болды. Үйренсе, жақсы, үйренбесе, кімге керек болады?
  • 3.Анасының күйеуіңді меңгеріп ал дегеніне бола жарына күдіктеніп, оған орынсыз талап қою, телефонын, қалтасын тексеру жөнсіздік. Сонымен қатар оның кемшіліктерін бетіне басу, зілді әзілдеу, кекете сөйлеу азаматты жасытады, өзіңе сенімін азайтып, қарым-қатынастың сууына әкеледі.
  • 4.Әйелдің жұмысын, ақша тапқанын салық қылып, үстем қылықтар көрсетуі, менсінбеуі ер адамның өзін қор санап, барлық жаманатқа баруына себеп.
  • 5.Екеуінің де ақылсыз қылықтарға барып, «Сен қылғанды мен жасай алмаймын ба?» деп ерегесуі «Бірің асу болғанда, екіншің басу бол» дегенді ақылға салмауы түймедей сызатты жазылмас жараға айналдырады.
  • 6. Гендерлік саясатты қолдаймын, бір-бірін қадірлеген теңдікке не жетсін? Ол - үлкен жетістік, жанұяның болашағы. Бірақ ақылы жетпегендер мұны біржақты түсініп, асыра пайдаланудан түрлі озбырлық пен зорлық-зомбылыққа ұшырағанын байқамай қала ма деп қорқамын. «Ашу деген - ағын су, алдын ашсаң, арқырар» дегенді есінде ұстамаған еркектің де кемшілігі өте көп. Әйелге қол жұмсау әлсіздік, азғындық дер едім.

Бұл тақырып барлық баспа, телевизор, радио, әдебиетте жазылып, айтылып, көрсетіп жатыр. Қазіргі жағдайда соларды қарап, оқып, қорыту аз ба деп қорқамын. Себебі 70 жасқа дейінгілердің өзі әлеуметтік желілерді қарайды. Мені оқитындарға баса айтарым, қазіргі ұл-қыздарымыздың қателігі -ата-ана біздің қателігіміз. Себебі жақсылы-жаманды мінез-құлық, іс-әрекет, қарым-қатынас, сыйластық,ар-намыс, ұят 50 % үйдің дастархан басындағы тәрбиесінде қалыптасса, қалғанын өз ортасынан алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің, Ағаштың жемісі өзінен алыс түспейді» дегенді еске алсақ, ата-ана ұл-қызына ерте жүктілік, ажырасуды болдырмауды тыңдайтын кезінде айтып түсіндіруі керек.

Ұрпағымыз ұлағатты болса, құрған отау құламайды, жаққан от сөнбейді деп есептеймін. Мақаламның кемшілігін толықтырып, үн қосуды сұраймын.

Наурызбай Төлеуов,

ҚР Халық ағарту ісі үздігі,

Білім саласы ардагерлерінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521