var base_url = 'http://ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

Құлсарылықтар неге "өшіретке" тұра алмайды?

Құлсары қаласындағы бір дүкенге кіріп азық-түлік сатып алмақ болғанмын. Сатушыдан керекті тауарымды сұрап саудаласа бастадым. Кенет 15-16 жас шамасындағы бір жасөспірім қыз ентігіп кіріп келді де жаныма тұра қап, алдымды кес-кестеп сатушыдан сусын, сағыз тағы әлденелерді сұрады. Ұзынтұра, бойжетіп қалған қыз баланың қолдары да мұншалықты ұзын болар ма! Сол саусақтарын көстеңдетіп, ақшасын ұсынып сатушыға дігерлеп қояр емес.

«Ау, шырағым-ау, өшіретке тұрмайсың ба? Мен сауда жасап тұрмын ғой»,-дедім. Қыз бала бетіме бажырая бір қарап, менің сөздерімді құлағына да ілместен керек тауарын сұрауды жалғастыра берді. Сол сәтте әңгімеге сатушы да араласты. «Ия, қызым, кезекке тұр. Көрмейсің бе, сауда жасап жатырмыз ғой»,- деді. Екеулеп екі жақтан ақыл айтып, дәріс оқып жіберген соң, жасөспірім келген беттегі екпінін басып, кідіріп қалды. Сатушы болса таразыға азық-түлікті өлшеп тұрып, одан әрі сөйлеп жатыр: «Міне,осылай мына құсаған жап-жас балалар дүкенге келеді де әй-шәй жоқ жағаласа кетеді. «Кезекке тұр» десек құлағына да ілмейді. Алдында егде адам тұр ма, бәрібір, жасы үлкен кісілерді де сыйламайды. Қасымызда мектеп бар, сол мектептен шыққан балалардың бәрі осында кеп самса, сусын алады. Солардың бірде-біреуі өшіретке тұру дегенді білмейді»,- деді дүкен қызметкері. «Өшірет» деген ұғымның құлсарылықтарға мүлдем жат екеніне тала-а-ай-ай рет куә болып жүрміз. Өзіңше дүкенде кезек сақтап тұрсаң, ту сыртыңнан тас төбеңнен асыра қолын созып біреулер керекті шұжығын, біреу сырасын алып жатады. Сондайда бойыңның тапалдығына ренжігеннен басқа түк ойлап таппайсың. Ол аздай мына қапталыңнан бір келіншек жұлқынып келіп нан алып жатса, енді бір бала шоколад сұрап тұрады. Сатушылардың бәрі мақаламыздың басында айтып өткен «Керемет» дүкеніндегі сатушы апай тәрізді тәртіпті сүйетін сыпайы емес. Бейне бірнеше қолы бар Үнді құдайлары сияқты опыр-топыр адамдарға саудасын жасай береді. Әлгі топырлаған жерден терлеп-тершіп, киімің мыж-мыж боп әрең сытылып шығасың. Сондайда ойлайсың. «Шынында да біздің Құлсары қаласында, қала емес-ау бүкіл ауданда халық «өшірет» дегенді неге білмейді осы?».

Тағы бірде қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. О, «өшірет» сақтамаудың көкесін, міне, осы ХҚКО-дан көресіз. Шілденің шіліңгір ыстығында, қапырық жерде жүйкесі сыр беріп, қабағы түйіліп, «давлениесі көтеріліп» кеткен адамдар. Бір шетіне мен де жақындап, «Кезектің соңы кім екен?» деп дауыстадым. Қасымда тұрғандар «Мынаның есі дұрыс па?» дегендей бетіме оқшырая қарайды. «Ау, «өшіреттің соңы кім?» деп тамағым қарлыға дауыстадым тағы да. «Мынау Марстан келді ме? Біздің Құлсарыда «өшірет сақтау» дегенді қайда, қашан көріпті? Шынында да делқұлы біреу екен» дегендей жан-жағымнан анталаған көзқарастарды көрдім. Ақыры бір жігіт «Апай, білмеймін менің артымда бір келіншек бар, оның қайда кеткенін білмеймін, ал оның артында тағы екі-үш адам бар. Осы жерде тұрған болу керек. Солардың артынан тағы бір ер адам...»-дей бергені сол еді, тісі кетік бір әйел «Қайдағы, олардан кейін бес-алты адам бар»,-деп тісінің кетіктігінен ысқыра айқайлап жіберді. Мынадай жаңылтпаштан соң миымның «қаңғалағы айналып кеткен» мен жан-жағыма пұшайман түрде қарап қалдым.

Ресейге немесе басқа бір қалаға барсаңыз «өшіреттерді» көріп сүйсінесіз. Жалпы кезек деген ұзына бойы тартылған жіп тәрізді созылып жатуы керек. Адамдар бірінің соңынан бірі кезек алып орын белгілеп тұрады (Білмейтін құлсарылықтарға түсіндіріп жатқаным). Ал біздің Құлсарыда «өшірет» дегенді жұрт әр жерде тарыдай шашылып тұру деп түсінеді. Тарыдай шашылып тұрған соң кім кімнен кейін кезекке тұрғанын ұмытып қалады. «Менің алдымда бір қызыл жемпір киген әйел бар сияқты еді» дейді бірі жан-жағына алақтап, «Қайдағы қызыл жемпір, көк жемпір киіп тұрған жоқпын ба?»- деп оған әлгі көк жемпірлі келіншек шатынай қарайды. «Әлгі ақ телпек киген сап-сары жүгірмек қайда кетті?»-деп бір әжей дауыстаса, ол жүгермек «Әже-ау, менің телпегім жоқ, мен сары емес, қарамын ғой»,- деп жылтың етіп бір жерден шаға келеді. Сонымен не керек, Құлсарыдағы «өшіреттер» - өшірет емес-ау, нағыз анархия. Осындай тарыдай шашылған өшіреттен кезегін таба алмағандар әуелі қызылкеңірдек боп жақсылап ұрсысып алған соң, қыза-қыза келе жұдырықтасуға да барады. Халыққа қызмет көрсету орталығында да екі-үш келіншек бокстасуға дайындалып жатқанын көрген соң, сескеніп әрірек барып тұрдым. Ау, бірінің соңынан бірі жіптей тізіліп, жіптіктей боп тұра қалса, құда да, құдағи да тыныш. Жоқ, міндетті түрде тарыдай шашылып тұру керек! Айтпақшы әлгі жерде мені көріп, танып қалған бір жылойлық азамат журналист екенімді білгендіктен қарап тұрмай бір әзіл әңгіме де айтып берді. Уақыт өлтіргісі келген болу керек.

-Біздің қазаққа үш қасиет бітпеген,- дейді кезегін таба алмай жұдырықтасып жатқан келіншектерге жымың-жымың қарап қойып. –Біріншіден, үй салса қасына ағаш екпейді, қала салса айнадай жол салмайды, сосын бір жерге барса «өшіретке» тұра алмайды. Сөйтіп «өшіреттің» соңын табудан күдер үзген мен әлгі танысымның философиялық тәмсілін тыңдап алған соң мекемеден шығып кеттім. Ал сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

С.Шәтенова

Сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner