ХАНЫМДАР мен МЫРЗАЛАР деу дұрыс па?

*Оқырман ой айтады

Осы қаратпа сөздер арқылы басқа кісіге ұсыныстарымызды айтып, тілегімізді білдіреміз. Шынын айтқанда, бұл сөздердің қашаннан бастап айтыла бастағаны жөнінде ештеңе білмеймін.

Олардың негізгі мағынасына үңілсек, біріншісі, хан сөзінен шыққандықтан, ханның әйелі деген мағынаға ие. Хан лауазымына байланысты болғандықтан бұларды жөн делік. Бастапқы кезде тек хан төңірегіндегілерге қатысты айтқанмен, уақыт өте келе кез келген әйел адамға қаратып айту әдетке айналып, санаға сіңіп кеткен. Қазіргі заман деңгейімен пайымдасақ, кез келген әйелді «ханым» деп атау қаншалықты жарасымды?

Менің түсінігімде бұл – біріншіден, әсірелеу, екіншіден, адамды мазақ етудің белгісі. «Мырза» сөзі де дәл осындай. Әдетте бұл сөздің мағынасы-жомарт, қолы ашық, қайырымды дегенді білдіретіні баршаға аян. Ал осы қаратпа сөзді кез келген ер адамға айтқан дұрыс па?

Кейбір миллионерлердің нағыз «шық бермес шығайбай» екенін де білеміз. Бұндай адамдарды осылай атағанымыз - оларды іштен болса да кекетіп-мұқатып тұрғандай боласың. Немесе өз күнін өзі әрең көріп отырған, байлығы да, билігі де жоқ адамға қаратып айтсаң да бір ыңғайсыздық сезімін аңғарамыз.

Меніңше, бұл сөздер ескірген сияқты, оларға балама жаңа атаулар іздестіру керек.

Кеңес заманын еске алсақ, әйел болсын, ер-азамат болсын «товарищ-жолдас» деп атайтын едік қой. Қолданыста қалыптасып кеткесін оншалықты әбестік байқалмайтын.

Білікті бір ұстаз «Шекспир заманында жазылғанды қазіргі ағылшындар оқи да, түсіне де алмайды» деп жазған екен. Бұл не деген сөз? Бұл - ағылшын тілі заманға сәйкес ұдайы өзгеріп, дамып отырды деген сөз.

Қазақ тілінде неге бұлай болмайды?

Енді жаңа атаулар қандай болу керек?

Ол - адамды орынсыз асқақтатпайтын да, төмендетпейтін де болса, жарасар еді. Әйелдер үшін «бибі» атауы лайықты деп ойлаймын. Мысалы, Айша бибі дегендей. Негізгі мағынасын білмесем де, құлаққа өте жағымды естіледі. Ал ер-азаматтар үшін алғыр, батыл, шешімді, іскер, адамгершілігі мол мағынасындағы сөз керек. Баршамыз болып ойластырайық.

Қонысбай АҚПАН,

тіл жанашыры

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521