ads_banner

1 жігітке 7 қыздан келеді деген ұғым қисынға келе ме?

Қашан, қандай негізден шыққанын кім білсін, «1 жігітке 7 қыздан келеді» деген ұғымға шәк келтірмей, имандай ұйып келеміз. Бұған айта берсе, ести берсе, ақыры соны «шындық» деп қабылдап, миға бекітіп тастайтын санамыздың да «көмегі» тиген шығар. Тіпті «Неге олай?» деп сауал қоймайды екенбіз, әлдеқашан дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай қабылдап қойғанбыз. Ал жігіттер жағы «хан сарайларында» 7 қыз тұрып жатпаса да, әлдеқандай боп масайрап жүрсе, қыздардың кейбіреулері «1 орынға 7 үміткер бар конкурсқа» қатысудан үміт үзген. Отқа май құятын қоғамдық пікір тағы бар: алдыңғыларын «жеті мүшеңе жеті әйел» деп желпіндіріп қойса, кейінгілерін «тазға болсын, шалға болсын тиіп ал немесе өзің үшін бала тауып ал» деп жаналқымға алады.

Бірақ таяуда фейсбук парақшасындағы «елімізде жігіттер мен қыздардың саны бірдей екен» деген мәліметті көріп, жаңалықтар лентасында жай серуендеп жүрген менің басыма алма түсті. Ньютон құсап тартылыс заңын ашпасақ та, осы статистика өзіне тартып, бұрынғы «1/7 аксиомасына» күмән келтіре бастадық. Бақсақ, алма басыма кешігіп түскен екен. Қыздардың жігіттерден көптігіне бірнеше жыл бұрын күмән келтіріліпті. Күмән келтіріп қана қоймай, дәлелденіп те қойған. Жігіттер мен қыздар санының тепе-теңдігі былай тұрсын, еркек тоқты санының сәл артып кетіп отыратын тенденциясы біздің көзімізге түскен статистика негізінде 2010 жылдан бастап белгілі бола бастаған. Ашық дереккөздердегі Статистика агенттігінің сол кездегі мәліметінше, республика бойынша 2010 жылдың басында 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың саны – 4 миллион 616 мың адамды құраған. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы – ер балалар, 2 миллион 279 мыңы – қыздар. Яғни, қыздардан жігіттер 58 мыңға артық бопты. Дегенмен бұл сан бір қалыпта тұра бермейтіні анық, сонда да пайыздық тепе-теңдік сақталып отырғанын байқаймыз. Бертіндегі, яғни 2016 жылдағы мәліметіне иек артсақ, ондағы сандар былай сөйлейді: елімізде 17 млн 74 мыңға жуық адам болса, соның 52 пайызы – әйелдер, 48 пайызы – ерлер.

«Иә, - деп қоямын, - жарайды бұрынғы кезде соғысы бар, зобалаңы бар, ер адамдардың саны ойсырап кеміді. Одан бергі заманымыз тыныш емес пе? Сонда қазір жігіттеріміз қай жаумен арпалысып азайып жүр?» Бұл ойдың ұшығы алдыңғы жылы перзентханаға барып, репортаж жазған кезде де жылт еткен. Ауданымыздағы перзентхана меңгерушісінен миға сіңген ұғым дәргейінен сауал қойдым: «Жыл сайын қанша ұл, қанша қыз дүниеге келеді? Әдетте қыз балалар көп туылатын шығар» деп. Жоқ, олай емес екен: ұл мен қыз артық та емес, кем де емес, дүние есігін тең ашады екен.

Статистика агенттігінің сол кездегі төрағасы Әлихан Смайлов бір жиында: «Елімізде туылған әрбір 100 қызға 106-107 ұлдан келеді. Бұл – бүкіл әлемге тән үрдіс» дегені де бұл әңгімемізге тұздық болардай.

Алайда жас ұлғайған сайын ерлер санының азая бастайтынын жоққа шығара алмаймыз. Өкінішті статистикаға ауру-сырқаудан, зиянды әдеттерден, төбелес-жанжалдан, жол апатынан, жұмыста қауіпсіздіктің сақталмауынан, әскерде т.б. жерлерде орын алған қайғылы оқиғалардың салдарынан болған өлім-жітім жетелеп әкеледі. Солайша 40 жасқа қарай ерлер саны кеми береді, 60 жасқа қарай үдей түседі де, 80 жасқа қарай күрт төмендейді. Әйел көп деген әңгіме осыдан шығатын болу керек. Бұны кәдуілгі той-садақалардан да байқауға болады. Онда ақжаулықтылардың басым болатыны айдан анық байқалып тұрады. Мәселен, шағын ғана көрші-көлемнің той-томалағында ілуде ас қайыратын бір шал отырады, болмаса оны да таппай қаласыз. Бірақ, астын сызып айтайық: мамандар репродуктивті жастағы, яғни бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдердің ерлермен тең екендігін растап отыр.

Онда деймін-ау, кәрі қыздар мен сүрбойдақтардың көбеюіне не себеп болып отыр? Саны да деңгейлес көрінеді. Ендеше осыған сан емес, сапа әсер ететін сияқты. Сүрбойдақтар өзін жарқын болашақта 7 ару жолын тосып отыр деген ертегіге сеніп, ананың аузы қисық, мынаның бұты қисық деп менсінбей жүргенде сақалына ақ, беліне құяң кіргенін байқамай қалады. Кім болса ол болсын, алқаш болсын, топас болсын мейлі дей қоятын қыздар да аз. Екібастан, бұған әлеуметтік жағдай қосылады. Мамандығы жоқ, жұмысы жоқ жігіттер отау құрудан қорықса, қыздар да ондайларға көз қырын тоқтатпайды. Айналып келгенде, оң жақта отырып қалған қыздар «жігіт жоқ, 1 жігітке 7 қыздан келеді» деген сылтауды алдыға тартса, ал «мойындалмаған ханзада» - сүрбойдақтар 7 қыз мекендейтін сарай тұрмақ, бір шүйкебасты таңдап, шаңырағына ендіре алмай әлек.

Тұқ етері – әңгіме санда емес... Әңгіме басқада боп тұр...

С.ӘЛИ

Сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner