Ғасырда бір туатын дарабоз

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай мәдениет үйінде «Ғасырда бір туатын дарабоз» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Сондай-ақ жарыстың екінші кезеңінде жастар ақынның сөзіне жазылған әндерді орындаудан сынға түсті.

Алдымен, Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқыған «Пай, пай, шіркін!» өлеңі тыңдалды. Бұдан соң ақын жөнінде «Есіңе мені алғайсың» атты бейнеролик көрсетілді. Онда ақынның жастық шағы, жұбайы Лашын мен балаларының, сол кездегі қаламгер достарымен түскен суреттері бейнеленген. Сахнаға қатысушылар шығып, ақынның өлеңдерін оқи бастады. «Шеше, сен бақыттысың», «Пай,пай, өмір!», «Досым» атты өлеңдерді нақышына келтіре оқып, жүректерге жеткізіп жатты. Әсіресе қатысушылар «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын таңдаған.

Екінші кезең бойынша Мұқағалидың сөзіне жазылған әндер орындалуы тиіс. Биыл осы байқауға кіл таланттылар жиналғанын байқадық. Жанды дауыста ән шырқағандар көрермендерді бір сәт әнмен тербеткендей болды. Қыздар табиғатына сай келетін «Жас қайың», «Айтатын саған сырым бұл» әндерін шырқағанда көрермен ду қол соғып, қатысушыларға қошемет көрсетіп отырды. Жоғары дайындықпен келген жастардың ақын шығармашылығын жан дүниесімен сезіне жеткізгендерін байқадық.

Байқау қорытындысы бойынша көркемсөз оқу номинациясы бойынша 1 орынды Әлбина Серікова, 2-орынды Ерасыл Қайырбай, 3-орынды Ақжүніс Нұржарыққызы иеленді. Ал эстрадалық вокал номинацияы бойынша 1-орынды Фарида Рамазанова, 2-орынды Дәурен Рзабеков, 3-орынды Аружан Нұрланова жеңіп алды. Барлық қатысушылар алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды.

П.ШЫМЫРБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521