Кәсіпкерлер балы - 2018 қайырымдылық шарасына айналды

Жақында «Мұнара» мейрамханасында 2018 жылы бірқатар жетістіктерді бағындырған, бәсекеге қауқарлы болып ерекшеленген үздік кәсіпкерлерді марапаттауға арналған «Кәсіпкерлер балы - 2018» тақырыбында салтанатты шара өтті.

Мерекелік шараны алматылық жүргізуші Ерасыл Қасен жүргізді. Ашылу салтанатында «Ұшар» би ансамблі қазақ биін мың бұрала биледі. Салтанатты кешті ашу үшін сөз кезегін аудан әкімі Азамат Бекетке берді.

-Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының бірінші бағыты 2010 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту бағытталып отыр. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкіметке қосымша 30 млрд. теңге бөлу тапсырылды. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарының бірі ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызын қамтамасыз ету болып табылады. Біздің бүгінгі өткізіп отырған Кәсіпкерлер балы 2018 шағын және орта кәсіпкерліктің атқарған жұмыстарының қорытындылары болып табылады. Бірлесіп атқарған істің ғана нәтижесі болатыны белгілі. Жергілікті атқарушы органдар өңірде кәсіпкерліктің өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай жасауға, қолдау көмектерін беруге әрқашан дайын. Біздің тарапымыздан қажеттіліктер болса, ұсыныстарыңыз болса, өз тарапымыздан талқылауға, қолдау жасауға дайын екенімізді жеткізгім келеді,-деді өз сөзінде аудан әкімі. Кәсіпкерлер балына арнайы келген «Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов, Ғаділбек Жанай, Дана Кентайлар әсем әндерімен кешті қыздыра түсті.

Үздіктер марапатталды

Осыдан кейін аудандық жыл кәсіпкерлерінің үздіктерін марапаттау рәсімі басталды. Үздіктер қатарынан танылуға ауданымыздағы көптеген кәсіпкерлерден өтініш түскен. Жүзден жүйрік атанған мықтыларды Бизнес қауымдастығынан құрылған арнайы комиссия жан-жақты бағамдап, шешім шығарған. Оқ бойы озық деп танылған мықтылар 8 номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік жас кәсіпкер», «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер», «Туризм саласындағы үздік кәсіпкер», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер», «Үздік әлеуметтік кәсіпкер», «Сауда саласындағы үздік кәсіпкер», «Үздік кәсіпкер әйел» және «Жылдың үздік кәсіпкері». Ауылшаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкерлерді марапаттауға «Қазақстан Республикасы Фермерлер одағының» Атырау облысы бойынша төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сейітжан Балжігітов шақырылды. «Ауылшаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының лауреаты атағы «Ерназар» шаруа қожалығының жетекшісі Әлім Байжанов, «Мереке» егін шаруашылығының жетекшісі Келден Қазиевке табысталса, «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы «Аман - Есен» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Исағалиев деп танылды. Номинация аталған қожалықтың мүшесі Аслан Исағалиевке табысталды. «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының иегерін марапаттау үшін «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Аязбаев шақырылды. Бұл номинация 29 жасқа дейін кәсіп ашып, табысты жұмыс жасап келе жатқан кәсіпкерлерге берілді. «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының лауреаты атағымен «Вest Education» оқу орталығы, жеке кәсіпкер Әсел Жұмабаева, «Досмырза» ЖШС-нің директоры Мұрат Досмырзиев марапатталды. «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы «Достық» жарнама агенттігі және жиҺаз цехының иесі Асқар Бисембаев атанды. «Атлант» қызмет көрсету орталығының директоры Ержан Сатпанов, «АКА групп» жарнама агентігінің басшысы Кеңес Реймов «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясы лауреаты атанды. Ал «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы болып «Ақберен» өндірістік кооперативінің директоры Айсұлу Сәлімгереева танылды. «Сауда саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының иегерін марапаттау үшін ортаға Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бекен Шанаев шақырылды. «Сауда саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының лауреаты болып «Ақтөре» көтерме және бөлшек сауда дүкені иесі Кенжеғали Қапашев, «Аружан» көтерме және бөлшек сауда дүкені, жеке кәсіпкер Гүлайхан Аубекеровалар танылды. «Сауда саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы кәсіпкер Маншүк Жиенбетова атанды. «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» номинациясы иегері мен лауреаттарды марапаттау үшін ортаға «Жас Ұрпақ құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, 2016 жылдың «Үздік әйел кәсіпкер» номинацисының жеңімпазы Ақмарал Халелова шақырылды. «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» номинациясының лауреаты атағы «FasTraKids» франшиза халықаралық әдіспен оқыту орталығы, жеке кәсіпкер Алмагүл Шудабаева, «Шарға&Сompany» ЖШС-нің директоры Айгүл Мақтаубаева табысталды. «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы болып «Манан» медицина орталығының директоры Эльвира Айтуева танылды. «Үздік әйел кәсіпкер» номинациясының иегерін марапаттау үшін ортаға аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов шақырылды. Аталған номинацияның лауреаты атағымен «Бәйтерек» қызмет көрсету орталығының директоры Гүлсім Хамитова, «Шипа» дәріханасының иесі Ризамгүл Атинова марапатталды. «Үздік әйел кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы - «Жеті қыз» тігін ательесінің басшысы Нәбира Хамзина. «Туризм саласындағы үздік кәсіпкерді» анықтап, марапаттау үшін Атырау Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Сарсекенов шақырылды. «Туризм саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы болып «Abai solution» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айбек Қорқытбаев марапатталды. Кәсіпорын 2015 жылы ашылып, негізінен, құрылыс жұмыстарымен айналысады. 2016 жылы «Вlue Water» аквапарк демалыс орны құрылысын бастап, 2018 жылы іске берілді. Демалыс орны 1000 адамға дейін қабылдай алады. Кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осы жобаны жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы несие және субсидия алуға қол жеткізді. 2018 жылдың «Жыл кәсіпкерін» марапаттау үшін ортаға аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы шақырылды. Аталған номинацияның лауреаты атағымен «СапаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрамбай Базарбай, «Беркад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманбай Жұмалы марапатталды. Ал номинацияның жеңімпазы «КазкомСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бағытжан Құлтекенов болып танылды.

«Харекеттен» баспана алды

«Харекет» қайырымдылық қоры “1000 теңгеге баспана” акциясымен 56-үй ауданымыздағы бір отбасына табысталды. Атап айтсақ, 2-топ мүгедегі Сәбит Бағытов жолдасы Мәдина Тазанбаевамен бірнеше жылдан бері пәтер жалдап келген. Оның үстіне баласы Асим Сәбитұлы бала жастан мүгедек екен. Жаңа жыл қарсаңында үлі болған жас отбасы қуанғаннан көз жасына ерік берді. Осындай қолдау көрсеткен барша халыққа ризашылықтарын білдірді. Кешке қатысушы жаны жомарт Жылыойдың кәсіпкерлері үйдің көрімдігін де беріп жатты. Жас кәсіпкер Асқар Бисембаев үлгі болып жатқан жас отбасыға жиһаз сыйға тартатын болды. Ал кәсіпкер Мәншүк Жиенбетова жаңа үйдің қоныс тойына қажетті дастарханға қойылатын тәттілерді «Айсалтан» дүкенінен тегін берілетінін жеткізді. Осылайша бұл кеште тағы бір жанұяның қуанышына дүйім жұрт куә болды.

Аукционда жылыойлықтар жомарттық танытты Салтанатты кеште ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан туындылар аукционға салынды. Аукционды асаба Алпамыс Қалдыбаев пен Нұрлыбек Оңғарбаевтар өткізді. Аукционда 8 сурет сатылып, жылыойлық кәсіпкерлер аянып қалмады. Алғашқы суретті кәсіпкер Идеят Беркалиев 65 мың теңгеге сатып алса, одан кейінгі суретті Аманбек Мұханов 60 мың теңгеге алды. Келесі кезекте суреттердің алғашқы бағасы көтеріле түсті. Кәсіпкер Сырым Абдрахманов бір суретті 250 мың теңгеге бағалап, сатып алды. Келесі суретті алған кәсіпкер Сәкен Карабалин оны 400 мың теңгеге бағалады. Әрі қарай аукционға қойылған суреттердің бағасы бұрынғыдан да өсе түсті. Кәсіпкер Сейітжан Балжігітов пен Батырбек Ізбасаровтар өздері алған суреттерін 500 мың теңгеге бағалады. Кештегі ең соңғы қойылған туындының бастапқы бағасы 500 мың теңгеге бағаланды. Кәсіпкерлер оның бағасын 1 млн 210 мың теңгеге дейін көтеріп, суретті Ақмарал Халелова сатып алды. Аукцион нәтижесі бойынша шараны ұйымдастырушы «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің директоры Қуаныш Аязбаев хабарлама жасады. Оның айтуынша, аукционға қойылған туындыларды мүмкіндігі шектеулі жандардан кәсіпкер Асылбек Өмірзақов өз қаржысына сатып алған екен. Ал кеш кезіндегі аукционда кәсіпкерлерден түскен 3 млн 335 мың теңге мұқтаж жандарға табыс ету үшін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Серік Қамидоллаға тапсырылды. Ол өз кезегінде бұл қаражат жақында жолдасынан айрылып, жеті баланы өзі бағып қалған жас жігітке берілетінін жеткізді. Бүгінде бұл жанұя қаладағы шағын сарайда өмір сүріп жатыр. Қаражат оның баспанасын үлкейтіп салуға жұмсалмақ. Осылайша бұл кеште ауданымыздағы тағы да бір жанұяның қуанышты болатынына куә болдық.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521