Жылыойдың балалары Дағыстанды таңғалдырды

Сүйінші хабар сонау Дағыстан елінің Махачкала қаласынан келді. Жылыойлық балалар арифметика сайысынан жүлделі орын алыпты және 1,2,3-орындарды түгелдей қанжығаға байлапты. Бұл хабарды, алдымен, әлеуметтік желіден оқыған біздің кеудемізді жерлестеріміздің жеңісіне деген мақтаныш кернеді. Өйткені математика деген анау-мынау шаға салатын оңай жаңғақ емес.

Ауданымызда «Best education» менталдық арифметика оқу орталығы жұмыс жасайды. Міне, осы орталықтан 6 оқушы Махачкала каласына Халықаралық менталдық арифметика бойынша олимпиадаға жолдама алып кеткен болатын. Сол есепке жүйрік 6 өрен жүлделі орындармен оралды.

Бұған дейін осы орталықтағы балалар менталдық арифметикадан олимпиадаларға онлайн түрінде қатысып, одан да жүлделі орындарға иеленіп жүрген екен. Осы жолы да бақтарын сынап көруге бел буып, Махачкала қаласында өткен әлемдік олимпиадаға жол тартыпты. Әлемдік олимпиададан Жангелді Қуандық 1- орын, Арай Еркінғалиева 2-орын, Шынар Тегісбай 3- орын, Арнұр Амангелдіұлы 3- орын, Наркиза Қабдолла 3- орын, Арина Сакиева 3- орын иеленді.

«Best education» оқу орталығының мұғалімдері Әсел Жұмабаева мен Әйгерім Аянқызы шәкірттерге арифметиканы тереңдете оқытып, жүйріктерді әлемдік додаға баптап дайындаған еді. Осы ұстаздардың қуанышында шек жоқ. Шәкірттері жүзден жүйрік атанып жатса, қалайша қуанбасқа! Ал дарынды балалардың ата-аналарының қуанышы тіптен ерек. Бүкіл Жылыой қуанышты десек те артық емес. Дағыстан елінде жүлдеге ие болған балалар күні ертең білім мен ғылымды меңгеріп, қазақ елін көркейтуге үлес қосатын көшбасшы болады деген сенім зор бізде!

С.Тәжіқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521