Жаңа автобустар жолға шықты

Қазір қала ішіндегі жолаушы тасымалы «Батыстехинвест» ЖШС-іне сенімді басқаруға берілді.

Жыл басында қалаішілік жолаушылар тасымалы саласында орын алып жатқан күрмеуі қиын мәселені шешу мақсатында аудандық әкімдік Құлсарыға су жаңа 10 автобустың алынатындығын хабарлап келген-ді. Қараша айының 4-інен бастап қала тұрғындары сол қоғамдық көліктің игілігін көре бастады. Аталған жаңа автобустар қазір қала ішінде жолаушы тасымалымен айналысып жүрген «Батыстехинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімді басқаруға берілді. Аталған мекеме жергілікті әкімдікпен жасалған келісімшартқа сәйкес биылғы мамыр айынан бастап Құлсары қосымша жаңа маршруттарды қолға алған болатын.

Серіктестік директоры Әуез Әбіләкімнің айтуынша, қазіргі таңда мекеме бес бағытта жолаушы тасымалдауға кіріскен. Соның ішінде бұрын «Автостоянка-А» ЖШС-нің иелігінде болған №1 және №8 маршруттағы автобус қозғалысын да қамтиды. Әзірге оны тәжірибелік сынақ түрінде өз жауапкершілігіне алған серіктестік аз уақытта қала халқынан алғыс қана арқалап келеді. Сондықтан болар, жалпы сыйымдылығы 44 адамдық жаңа «АНКАЙ» автобусы осы «Батыстехинвест»-тің сенімді басқаруына берілді.

-Бұл автобустар өзіміздің Қостанай қаласындағы зауытта жинақталған отандық автотранспорт құралы. Қалаға 10-ы әкелінген еді. Күні бүгін оның 8-і қалаішілік №8 маршрутқа жіберіліп отыр. Өйткені оның арақашықтығы ұзақ әрі ондағы тасжолдарда үлкен автобустың жүріп-тұруына қолайлы ахуал қалыптасқан. №1 маршрут секілді шорт бұрылысты жерлері жоқ. Қалған 2-еуі резервте тұр. Олар «линиядағы» қоғамдық көліктер бұзылып, не басқадай себеппен тоқтап қалған жағдайда орнын толтыру үшін қажет,-дейді Әуез Талғатұлы.

Директордың айтуынша, қала халқының сұранысымен алдағы апталардан бастап қосымша №4 және №6 маршрут ашылмақшы. Олар «Автожолшылар» ықшамауданын қосқанда 4-ауыл тұрғындарын қаланың орталығымен байланыстырса, №6 аты айтып тұрғандай 6-ауыл, «Мұрагер», «Барлаушылар» ықшамаудандарын қамтитын болады.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521