Түйлер неден өліп жатыр?
Түйелер неден өліп жатыр?
Мен, Гүлжан Қарағұлова – зейнеткермін. Құлсары қаласының тұрғынымын. Жақында Жадырасын жайлауында жүрген түйем өліп қалды. Аудандық ветеринария мамандарымен бірге түйемнің өліп жатқан жеріне барып, акт жасатып, өртеп жойылды. Жадырасындағы бақташы А.Қасымовтың жұбайы Айгүлдің айтуынша, осы бір айдың ішінде 8 түйе өліп отырған көрінеді. Естуімізше, Ақкиізтоғай ауылынан да бірнеше түйе өлген. Сонымен қатар көршілес Бейнеу ауданында 50-ге жуық түйе өлген көрінеді. «Малым - жанымның садақасы» деген халықпыз ғой. Дегенмен бағып отырған малымыздың түсініксіз дерттен өлгені ойландырады. Түйелердің неден өліп жатқаны мамандармен анықталып, халыққа алдын алу шаралары жасалса деген оймен редакцияға хат жолдап отырмын.
Г.Қарағұлова, зейнеткер, Құлсары қаласы
Редакция Гүлжан Қарағұлованың хатын аудандық ветеринария және бақылау бөліміне жолдаған болатын. Осы аптада аталған бөлімнен төмендегі мәтінде жауап келді.
Жауап
Құлсары қаласына қарасты Жадырасын жайлауында 15.07.2019 ж. бастап түйе өлімі тіркелген. Өлген түйе малдары жұқпалы ауруларға қарсы тексеру үшін шөптен, судан сынамалар алынып, ветеринариялық зертханаға жіберілген. Жұқпалы аурулардан таза екені анықталды. Өлген малдарды сойып қарау нәтижесінде түйенің көмекейінен көп мөлшерде құрт табылуына байланысты аудан көлемінде құрт ауруларына қарсы екпе жұмыстары жүргізілуде. Мал өлімі 29.07.2019 ж. бері тоқтаған, яғни эпизоотиялық ахуал тұрақталды.
Д. Айтпенбет, Жылыой ауданы ветеринария және бақылау бөлімінің басшысы
Сурет: ашық дереккөз