Сирияда жетімдіктің тауқыметін тартқан төрт ұл тағдыры

және анасы маскүнемдікке салынған бес баланың мәселесі

Өткен дүйсенбі күні аудандық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Онда шешесімен бірге Сирия асып кетіп, кейін жетімдіктің тауқыметін тартқан төрт баланың тағдыры таразыға тартылса, керісінше, өздері туып-өскен жердегі өз ауылында жүріп, аналық мейірімнің шуағына толық бөлене алмаған бір үйдегі бес баланың мәселесі қаралды. Ең алдымен, соңғысынан басталық.

Аудандағы ауылдық округте тұратын бір отбасының айрандай ұйыған тірлігі өткен жылдан бастап бұзылды. Атпал азаматтың әйелі үйінен үн-түнсіз ешкімге ескертпестен кетіп қалатынды шығарған. Кейін оның маскүнемдікке салынып жүретіндігі белгілі болады. Полиция қызметкерлері алғашқыда оны үйіне әкеліп тастаса, кейін ӘҚБтК-нің тиісті баптарымен әкімшілік жауапкершілікке тартып, материалын облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі сотқа да жолдады. Бірақ ішімдікқұмар әйел бұрынғы «әніне» қайта басып отырған. Тіпті сол күні өткен комиссия отырысына әкелінген бес баланың анасының мас екені түрінен көрініп тұрды. Полиция қызметкерлері оны қаладағы бір кафеден тауып алып, әкімдікке алып келген беті екен. Отбасына ұйытқы болып отыратын әйел затының бұлайша жүрісі үйдегі жасөспірім балаларының тәрбиесіне кері әсер етіп отыр деп түйген отағасының өзі 3-топ мүгедегі екен. Әйелі ішкілікке салынып, ұл-қыздарын қарайтын адам болмаған соң, жыл сайынғы кезекті медициналық комиссиядан да өте алмапты. Тек жанұяға жауапты әкенің арқасында балалары сабағынан қалмай, мектепке уақтылы қатынап жүргені қуантты.

...Биылғы мамыр айында «Жусан-2» операциясымен еліміздің бір топ азаматтары Сириядан Қазақстанға әкелінгені белгілі. Міне, сол көп баланың ішінде жылыойлық төрт ұл да бар болып шықты. Олардың алды 2006 жылы туылған болса, соңғысы, 2012 жылғы бүлдіршін. Ақтау қаласының әкімі аппаратының 2019 жылғы 24 мамырдағы қаулысымен әжелерінің қолына берілген болатын-ды. Бірақ жат жерде алты жылға тарта ғұмыр кешкен соң қарияның тәрбиесіне көнбейді. Сондықтан заңды өкіл ретінде бас тартып, балалар Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына тапсырылды.

Ұлдардың заңды әкесі 2012 жылы Қылмыстық кодекстің «Терроризм» бабымен 15 жылға сотталып, жазасын өтеу үстінде. Күйеуі темір торға тоғытылған соң келіншегі 2013 жылы төрт баласын алып, Түркия мемлекеті арқылы Сирияға өтіп кетеді. Былтырғы тамызда 31 жастағы әйел кісі қолынан қаза тауыпты. Тұлдыр жетім қалған балалары нағашы жеңгесінің қамқорлығында қалады. Сондықтан білім бөлімі басшылығы комиссияға Ақтау қаласының әкімі аппараты қаулысының күшін жойып, төрт балаға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу, болмаса, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйіне тапсыруға ұсыныс жасады.

Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарованың айтуынша, төрт бала үш тілде сөйлейді. Жат жерде жұрт көрмеген небір қиындықты бастан кешіріп келген. Ең үлкенінің өзі алты жасында аттанған соң, Қазақстанға бейімделуі оңай болмай тұр. Қазір төртеуі де қолынан телефонын тастамайды, сол арқылы уағыз тыңдайды және әрбір екі сағат сайын намазға жығылады.

Комиссия отырысына төрт баланың үлкенінің туған әкесі де қатысты. Негізінен, төртеуі бір анадан туғанымен, соңғы үшеуінің әкесі басқа екені белгілі болды. Ол - жоғарыда айтып өткен террористік әрекеті үшін айыпталған азамат. 2006 жылғы бала өз әкесіне «кет әрі емес», бірақ нағашы әжесінің ықпалы басым екені байқалып тұрады. Сондықтан комиссия балаларды қоғамдық ортаға бейімдеу үшін Атырау қаласындағы интернат үйіне орналастыруға шешім қабылдады. Ал үлкенінің туған әкесі осы уақыт аралығында баласымен жақын араласуға тырысатын болды. Ал ішкілікке салынған ананы наркологиялық есепке алып, бір ай сынақ мерзімін белгіледі. Егер осы отыз күнде өзін дұрыс ұстай алмаса, онда мәжбүрлі түрде емдеуге жіберетін болып шешті.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521