Құрсайдың жағалауы көз тартады

Ауданда бірнеше жаңа инфрақұрылым нысандары ашылып, халық игілігіне берілді.

Атаулы күнге орай, былтырғы жылы қолға алынған Құлсары қаласының шекарасындағы Құрсай өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталып, тұсаукесер рәсімі өтті.

06127

«Теңізшевройл» ЖШС өзінің «Игілік» бағдарламасы бойынша Жылыой ауданы халқы үшін ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Аталған бағдарлама аясында қаланың қақ ортасын кесіп өтетін ұзындығы 3,6 км Құрсай өзенінің жағасына жарық шамдар орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған төсем тастар төселіп, өзен суын тереңдету, абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын.

06121

Аз уақыттың ішінде тиісті жұмыстар аяқталып, мереке қарсаңында жағалаудың тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа нысанның ашылу рәсімі аудан әкімі Азамат Бекеттің құттықтау сөзімен басталды. Ол ТШО-ның Жылыой ауданы халқы үшін жасап жатырған игі істерін тілге тиек ете отырып, өзек жағалауын абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғаса беретіндігін жеткізді. Сонымен қатар аудан басшысы қала тұрғындарын тазалыққа бой үйретіп, көше мәдениетін сақтауға шақырды.

06122

ТШО компаниясының Үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев те жылы лебізін білдіріп, жағалауға көркейту жұмыстарын жүргізген мердігер мекемелер басшыларына алғысхат табыстады. Адам танымастай өзгерген өзен жағалауын тамашалауға тұрғындар да келіп қатысты.

06125

«Орлан» ЖШС-нің директоры Нұрлан Қондыбаев пен ардагер ұстаз Нұрмұхамед Есенәлиев жағалаудың тұсаукесер лентасын қиды. Шара соңында қонақтар жағалау бойына жүргізілген жұмыстарды өз көздерімен тамашалап, суретке түсті. Сондай-ақ дәл осы күні ауданға қарасты Майкөмген ауылдық округінде 100 орындық жаңа «Бәйшешек» балалар бақшасы ашылды. Бұл жоба да ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып отыр.

06123

Зәулім ғимараттың ашылу шарасына да аудан әкімі өзі қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

Салтанатты шара барысында нысан құрылысын жүргізген «АБС Лимитед» мекемесінің мердігері Берік Даярдиев балабақшаның меңгерушісі Күлән Керейқызына символикалық кілтті табыстап, бала тәрбиесіндегі жұмысына сәттілік тіледі.

06126

Заман талабына сай салынған еңселі құрылыстың өз ауылдарында бой көтергеніне тұрғындар да риза болып, жобаға қолдау білдірген облыс және аудан әкімшіліктеріне алғыстарын білдірді.

06124

Әрі қарай қонақтар ғимараттың ішкі құрылысымен танысып шықты. Ауыл тұрғындарының игілігіне беріліп отырған ясли-бақша екі қабаттан тұрады. Жалпы аумағы 762,44 шаршы метрді құрайды. Стандарт талаптарына сәйкес ғимарат ойын, жатын, кіреберіс, ас бөлме және жуынатын бөлмелермен қамтылған. Сонымен қатар ән-әуен бөлмесі және дене шынықтыру залы, психолог кабинеті, әдіскерлер бөлмелері бар.

Балабақшада балалар үшін барлық жағдай жасалған. Ғимараттың ауласында балалар ойнайтын ойын алаңдары тағы бар.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521