Құрбан айт - бірлік мерекесі

«Айт» сөзі араб тілінен алынған, «мейрам, қуанышты күн» деген мағыналарды білдіреді.

Қуанышты сәт саналуының себебінің бірі - отыз күн оразадан кейінгі ауыз ашу болса, екіншісі - қажылық жасап күнәдан тазарғаннан кейінгі құрбан шалып, мейрамдау. Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні мал шалынып, ақ тілектер айтылады. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін татулыққа шақырады. Құрбан айт биыл тамыздың 11-імен тұспа-тұс кеп тұр. Біз осындай ұлық мереке қарсаңында аудандық орталық мешіттің бас имамы Арман Исаевпен сұхбаттасқан едік.

-Әлқисса, әуелі Құрбан айттың сипаттарына тоқталсаңыз. Бұл қандай мереке?

- Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге таратылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде әр отбасында қуанбайтын, шаттанбайтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отандастарымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз.

-Құрбан айтқа қалай дайындық жасау керек, қайтіп қарсы алған жөн?

- Құрбан айт, шын мәнінде, ел-жұртты біріктіретін қасиетті мереке. Қайырымдылық пен қамқорлыққа, ынтымақ мен татулыққа үндейтіні аса маңызды бұл мереке ең әуелі айт намазын оқумен басталады. Әрбір мұсылман баласы айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, әдемі киімін киіп, мешітке барады. Мерекелік намаздан соң жамағат бірін-бірі құттықтап, жақсылық тілеп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленеді. Құрбан айтта жамағат тек мал союмен ғана шектелмейді. Ренжіскен адамдардың татуласқаны жөн. Ауырып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы кіріп-шығу, жетім-жесір, мұң-мұқтаж адамдарға жанашырлық жасап, оларға да айттың қуанышын сездіру сауабы мол істерге жатады. Осылайша, береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын Құрбан айт адамдардың жақындасуына, бірін-біріне ізгілік танытып, қайырымды болуына ықпал етеді. 

- Құрбан шалу кімге міндет?

- Әрбір жағдайы бар әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп. Адам баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Ал әл-ауқаты төмен адамдарға құрбан шалу міндет емес. Ниеті адал, пейілі шын болса, ол да сауап. Құрбандық етінің бір бөлігі ағайын-туыс пен көрші-қолаңға, екінші бөлігі тұрмысы төмен отбасылар, жетім-жесір мен мұқтаж жандарға таратылады, ал үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі.  Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болуы қажет. Ең алдымен, ықылас-ниет дұрыс болуы, одан кейін сойылатын  мал жарамды болуы керек. Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шалса, сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуына да болады. Бұл ретте әрбір адамның құрбан шалу ниеті болғаны жөн. Егер бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек қана етін алуға ниеттенсе, сойылған мал барлық адам үшін құрбан болып есептелмейді.

-Аудан мешіттерінде мереке күні қалай басталмақ, қандай шаралар өтеді деп жоспарлануда? 

-11 тамыз күні аудандық орталық мешітте және барлық поселке, селолық округ мешіттерінде Құрбан айт мерекесі таңғы 07.00-де айт намазын оқумен басталмақ. Бұл күні дастархан жайылып, балаларға түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылатын болады.

-Ұлық мереке алдында жылыойлықтарға тілегіңізді айтсаңыз.

- Құрметті жылыойлықтар! Келе жатқан Құрбан айт мүбәрак болсын! Құрбан айт әрқашан жұртымыздың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін мереке болуы тиіс. Барша жұрттың осыған күш салғаны абзал. Айт күнгі ізгі ниеттеріңізді Алла тағала қабыл етсін!

Сұхбаттасқан: С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521