Облыс әкімі есебін бейнеконференция арқылы тыңдады

Тасжол салу жұмыстары көктем айында басталып, келер жылы аяқталады.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Атырау облысының 2019 жылғы даму қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы» облыс тұрғындары алдында есеп берді. Облыс басшысының есебін жылыойлықтар аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде бейнеконференция арқылы тыңдап, көріп отырды. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден де көрсетілді.

Махамбет Жолдасқалиұлы өткен жылы облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтіп, баяндама жасады.

«Өткен жылы облыс әкімдігіне келіп түскен 3 мыңнан астам өтінішке заңға сәйкес жауап беріліп, жұмыстар жасалды. 846 азамат жеке мәселелерімен облыс әкімінің қабылдауында болды. Оның ішінде 57 адамның мәселесі оң шешіліп, қалғандарына қажетті кеңестер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде тұрғындардың өз мәселелері төңірегінде сұрақтарын жолдау үшін әлеуметтік желілерде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біз өз кезегінде осы аталған жұмыстар барысына ерекше назар аударамыз. Өзім де халыққа жақын болу мақсатында «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желісінде жеке парақшамды аштым. Атырау облысының «Telegram» чатында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде күн сайын халықтың барлық өтініштерін қарап, тиісті мемлекеттік органдарға қажетті нұсқаулық берудемін»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс әкімінің жылдық есеп беру жиынына бір қатар жылыойлық азаматтар арнайы барып, өз сауалдарын жолдады. Құлсары қаласының тұрғыны, жалғызбасты әке Бауыржан Жасақбаев мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтерді. Ол өзінің I топ мүгедегі екенін баяндай отырып, күнделікті қозғалыс барысында жеке күтушінің көмегіне мұқтаж екендігін айтты. Тиісті мекеме басшыларының өзіне тәулік бойы жүріс-тұрысын қадағалап, үнемі жанында болатын жеке күтуші тағайындап, оларға төленетін қаражат мөлшерін бақылауда ұстаса екен деген тілегін жеткізді. Бұл мәселемен айналысуды Махамбет Досмұхамбетов Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Хамидолаға тапсырды.

Қала тұрғыны Анар Бисенбаева Теңіз кенішіндегі бір мекемеде 30 жылға жуық медбике болып қызмет атқарғанын, түсініксіз жайттардың орын алып, өзінің еркінен тыс басқа қызметке ауыстырылғандығын баяндады. Осы мәселеге байланысты ол облыс әкімінен өзін жеке қабылдауды өтінді.

Содан соң кезек облыс әкімінің есебін аудандарда тікелей эфир арқылы көріп отырған тұрғындарға берілді. Жылыой ауданының бір топ қала тұрғынының атынан келген Анаргүл есімді азаматша қазіргі өзі тұрып жатырған Береке-Мешіт ауылына жол салу мәселесінің жылдық жоспарға енгізілді ме деген сұрақты қоймақ болып келіпті.

Бұған аудан әкімі Азамат Бекет: «Құлсары қаласы бойынша алдағы уақытта салынғалы тұрған тасжолдарды біз 3 этапқа бөліп отырмыз. Бұл кісінің айтып тұрған Мешіт жолы 2-кезеңге жоспарланды. Тасжол салу жұмыстары көктем айында басталып, келер жылы аяқталады. Ең бірінші кезекте Мешіт ауылының жолы салынатын болады»,- деп жауап берді.

Қосшағыл ауылдық округінің тұрғыны Алмагүл Жұмақшамова: «Бүгінде 5 мыңға жуық халық орналасқан ауылдың бір ғана көшесі жарықтандырылып үлгерген. Өзге көшелердің жарығы қашан жағылады?»-деп өз мәселесін айта келіпті.

Жаңа Қаратон кентінің тұрғыны Жазира Қуанқызы да жол мәселесі бойынша әкімдерге сұрақ қойып, тиісті жауабын алды.

Бұдан бөлек облыс әкімі есебінде экология, жол, денсаулық және білім саласы мәселелері кеңінен талқыланды.

Облыс басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы есепте қозғалған бірқатар мәселелердің шешімін табатынын айтса, кей мәселелердің шешілуі үшін, ең әуелі, талаптардың заңдылығымен танысу қажеттігін барша тұрғындарға түсіндіріп өтті.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521