Қоғамдық кеңесте не айтылды?

Өткен аптада аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Оны кеңес төрағасы Халел Шнашев жүргізіп, күн тәртібінде аудандағы жер кезегі мәселесі тыңдалды. Алдымен, қала әкімінің міндетін атқарушы Мереке Зейнуллин баяндама жасады. Оның айтуынша, қала бойынша 10 958 адам тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған көрінеді. Қаланың қазіргі кездегі бас жоспары бойынша жер телімі жеткіліксіз. Сондықтан алдағы уақытта қаланың бас жоспарын өзгертуге ұсыныс берілген. Сонымен қатар инфрақұрылым мәселесін шешу бағытында жұмыстар жүргізілмек. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қазбек Ағраев «Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауданда пайдаланылмайтын ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге бірыңғай жер салығының мөлшерлемелерін және жер салығының базалық мөлшерлемелерін арттыру туралы» аудандық мәслихат шешім жобасымен таныстырды. Онда жер салығын 10 есеге көтеруге ұсыныс берілген. Кеңес мүшелері өздерінің келіспеушілігін білдіріп, аталған мақсаттағы жер салығын 2-3 есеге ғана көтеруге ұсыныс берді. Сонымен қатар бөлім басшысы «Жайылымдарды геоботаникалық зерттеу-қарау негізінде жайылым айналымдарының схемасын бекіту туралы» аудан әкімдігінің қаулы жобасы, «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесіне алдын ала таңдау жұмысы бойынша» уәжді негіздемесі бар қорытындымен таныстырды. Кент және ауыл әкімдері ауылдағы тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдері туралы мәліметтер берді. Олардың айтуынша, бүгінде ауылдарда жер телімін сұраған тұрғындардың өтініштері толығымен қанағаттандырылып тұрған көрінеді. Дегенмен Ақкиізтоғай мен Қарағай елдімекені бойынша берілген өтініштер инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін қанағаттандырылмақ. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ернар Ысмағұл қысқа дайындық мәселесі бойынша баяндама жасады. Кеңес мүшелері қаладағы көпқабатты үйлердегі мәселелерді шешу бағытында пәтер иелері кооперативін жандандыру қажеттігін айтты. Бұл бағытта мекемелермен келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды. Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Данисова аудандағы үкіметтік емес ұйымдар мен аудандағы діни ахуалға тоқталды. Аудандық білім сапасы мен жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысының орынбасары Гүлжансара Таңатарова баяндап өтті. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Серік Қамидолла «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» ауданда орындалу барысы туралы баяндады. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев ауылшаруашылығы саласындағы бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ернас Отарбаев орталықта аудан халқына көрсетіліп жатқан қызметтер туралы айтып өтті. Кеңес мүшелері баяндамашыларға сауалдарын қойып, жауаптар берілді.

Қ.Нұртайұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521