Неке жауапкершілігі деген не?

Жастарды отбасылық өмірге дайындау күллі қоғаммен бірге жүзеге асырылатын жауапты іс. Атырау облыстық АХАТ басқармасының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың соңғы 3 айында Атырау облысы бойынша 955 жұп шаңырақ көтерген. Өкінішке орай, 132 неке бұзылған. Оның ішінде 21-і ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде, ал, 111-і сот тәртібімен ажырасқан.

Мұндай шаңырақ шайқалуларының алдын алып, некені сақтау үшін қандай алғышарттар орындалуы шарт? Жалпы, неке заңдылықтарына қаншалықты қанықпыз? Осы сынды сауалдарға жауап іздеу үшін жуырда Сафи Өтебаев атындағы Мұнай және Газ Университетінің 3-4 курс білім алушыларына «Неке жауапкершілігі деген не?» тақырыбында семинар өткізілген болатын. Оған «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасы басшысы Алмагүл Туремуратова арнайы қатысып, баяндама жасап, жоғары курс студенттерімен шынайы әрі ашық пікір алмасты.

«Отбасылық қарым-қатынастардың негізгі заңдылық құжаты 2011 жылғы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі болып табылады. Неке қиып, отбасы құратын жанның құқықтық тұрғыдан сауатты болғаны жөн. Неке отбасын құру мақсатында неке құрушылардың тек өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады. Ешбір жағдайда неке құру үшін мәжбүрлеуге жол берілмейді. Неке қию тіркелгеннен кейін неке құрушыларда ерлі-зайыптылардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен міндеттері пайда болады», – дейді ол.

Некеге отыру туралы өтініш тіркеуші органға некені мемлекеттік тіркегенге дейін он бес күн бұрын беріледі. Некені мемлекеттік тіркеуді некеге отыру туралы бірлескен өтініш берілген күннен бастап он бес күн мерзім өткен соң тіркеуші орган жүргізеді. Өкінішке орай, Атырау облысында жас отаулар арасында некені тіркеген жылы-ақ ажырасып үлгергендер де бар. Мәселен, 2023 жылы тіркелген бір неке, ең қысқа мерзімде – 1 ай 7 күнде бұзылып үлгерген. Үйленген соң үй болу еікі жас үшін де үлкен жауапкершілік. Түрлі себебппен ажырасуға шешім қабылдаған адамға Тіркеу органында жас жұбайларды татуластыруға бір ай уақыт беріледі, 2024 жылы ортақ балалары жоқ 113 ерлі-зайыптының неке бұзу туралы бірлескен өтініші түсіп, 33 ерлі-зайыпты ажырасу ниетінен бас тартты.

Жалпы, болашақ жұбайлардың ең маңызды парызы – отбасындағы қарым-қатынасты өзара сыйластық және өзара көмек негізінде орнату, отбасының әл-ауқатын ықпалдау және нығайту, өз балаларының денсаулығына, олардың дамуы мен әл-ауқатына қамқорлық ету. Сондықтан, діттеген меже мақсатына жетуі үшін мәселенің ажырасудан өзге шешімін іздеп, өзара түсіністікке ұмтылған да жөн.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521