ads_banner

Құлсарыда көбелек көбейіп кетті

Қарсыз қыста бәтеңкеміздің басы шаңдап жүрсе, шөптесін қылтия бастаған сәуірде бұрқасын борап, қалың киімімізді қайта киюге мәжбүр болдық. Наурыз әп деп басталмай жатып, құм борады да, мамыр туысымен күні кешеге дейін төпелеп жауын жауды (ара-тұра топырақ борап тұрды, әрине, біздің жерде онсыз бола ма?). Бірер күн бұрын әдеттегідей көлік күтіп тұрсам, бір ғажап көрініске куә болдым: көз алдымнан көбелектер қаптап, шиырлап кетті. «Ойпырм-ай, мұнысы несі?» деп аң-таңмын. Бақсам, көбелектерді үй ішіндегілер де, жұмыстастарым да көріпті. Әріптесім: «Негізі, көбелектер ауасы таза жерде, гүлдер өскен жерде көп болады ғой», - дейді.

Әуестікпен гуглге де жазып көрдім: көбелектер жауын-шашын мол түскен кезде көбейеді екен. Бұл жәндіктің көбеюі тұқым көбейтумен де байланысты болуы мүмкін. Анығырақ білмек болып, аудандық аумақтық инспекциясына хабарластық. Ондағы бас маман, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор Мұханбедиярова Гүлжайнаның айтуынша, Құлсары қаласында және ауданның жекеленген шаруашылықтарында ошаған көбелегінің (бабочка репейница) ішінара ұшуы байқалады. Көбелектердің көбеюі биылғы толассыз жауған жаңбырмен байланысты болып отыр. Аудан аумағына көршілес аудандардан миграция жасаған болуы мүмкін. Бұл жәндік мәдени дақылдарға зиян келтірмейді. Ошаған көбелегі арамшөптермен қоректенеді. Көбелекті жүйелі бақылау бойынша олардың шағылысуы, жұмыртқа салуы тіркелген жоқ. Ошаған көбелегінің қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ.

Қызылды-жасылды боп көз тартып, бір сәтке болса да адамды қуанышқа бөлейтін, махаббаттың, бақыттың, адалдықтың символы - көбелектер небәрі үш-ақ апта өмір сүретін көрінеді. Ал Қазақстанда 3000 мыңдай түрі бар екен.

С.ӘЛИ

Сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner