Кенттегі келелі кездесу

ата-аналарға терең ой салды

Ата-ананың өз балаларына екпе салдырудан бас тартуы қазіргі қоғамды алаңдатып отырған басты мәселенің біріне айналып отыр. Айталық, Жаңа Қаратон кентінің әкімі аппаратының бас маманы Сара Исақанованың берген мәліметіне қарағанда, бір ғана поселкенің өзінде 2018 жылы 15 отбасындағы ата-ана өз перзентін ектіруге қарсы болған екен. Соның салдарынан 31 бала түрлі ауруларға қарсы вакцинамен қамтылмады. Ал өткен жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 7 жанұядағы 10 бүлдіршінді құрады. Осылайша екі жылдың ішінде барлығы 41 бала түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егілмей қалды.

Осыған орай, таяуда поселкенің дәрігерлік амбулаториясында «Кент бойынша балаларына екпе салудан бас тартқан ата-аналармен профилактикалық түсіндірме жұмысын жүргізу» мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Екпеден бас тартқан ата-аналармен кездесу үшін оған Ақпараттық талдау орталығының теологі Ақылбек Нұрниязов, амбулатория дәрігері Э.Аманжолова, ақ халатты абзал жандар, мектеп пен балабақша медбикелері келіп, қатысты. Кездесудің мақсатымен таныстырған кент әкімі аппаратының бас маманы С.Исақанова екпе алмаған баланың денсаулығына, ең алдымен, ата-ана жауапты екендігін ескертті.

Әрине, өз перзентін ектіру-ектірмеу - әр ананың өз құқығы. Бірақ бас тартудың арты орны толмас өкінішке әкеп соқтыруы мүмкін. Өйткені екпе баланың болашағын түрлі жұқпалы қауіпті аурулардан қорғайды. Амбулатория медбикесі А.Есқазиева Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпе алу мерзімдері, қарсы көрсетілімдер туралы толық мәлімет берді.

Теолог А.Нұрзиязов мәселені діни тұрғыдан түсіндірді. Келелі кездесу екпеден бас тартқан кей ата-аналарға ой салғаны анық.

Е.Бисекенұлы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521