ads_banner

Боздақтарға арналған кітап шығады

Ардагерлер ұйымының 2019 жылғы 26 сәуірдегі V Пленумында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алу және атап өту мәселелерінен туындайтын міндеттер туралы» қаулысы шықты. Совет Одағының фашистік Германияны жеңуі тек одақ мүшелерін ғана емес, бүкіл дүниежүзінің халықтарын құлдықтан және кейбір халықтардың мүлдем жойылып кетуінен құтқарды.

Соғыс жылдары қазақ халқында ауыр күйзеліс жылдары болды. 1 миллион 200 мыңнан астам адам майданға аттанды, елде қалғандар қорғаныс саласында жұмыс жасады. Ауылшаруашылығында еңкейген кәрілер, әйелдер, жас балалар күндіз-түні аянбай тер төгіп, еңбек етті. Колхоздың ауыр жұмысында жүрген аналар керосин жарығымен майданға киім тікті. Барлығының мақсат-мүддесі «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранға саяды. Қазақстанның соғыстағы адам шығыны Америка, Ұлыбритания, Батыс одақтастарының бәрін қосқандағы шығыннан артық болды.

Миллиондаған адамдардың алдыңғы шепте және тылдағы жанқиярлық ерліктерінің арқасында біздің халқымыз соғыста жеңіп шықты. Мұны біз және біздің ұрпақтарымыз ешқашанда ұмытпауы керек. Мұндай сұмдықтың енді қайталанбауы үшін біз, аға буын өкілдері балаларымызға, немере, шөберелерімізге болған шындықты, халықтың көрген қасіретін, фашистердің істеген адам ойламаған зұлымдықтарын еш бұрмалаусыз жеткізуіміз қажет. Қазақстанда соғыс өрті шалмаған бірде-бір жанұя қалмады. Майданға аттанғандардың жартысына жуығы мерт болды, елге оралмады. Олардың көпшілігі қыршын, келешектен үміт еткен жастар еді. Мұндай қайғы-қасіретті қалай ұмытуға болады?

Адамзаттың соғыс жылдарында көрген азабы ұмытылмақ емес. Бүгінде Жеңістің 75 жылдығын тойлауға дайындық басталып кетті. Бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы хабарлар, мақалалар, көркемөнерпаздар фестивальдары, спорттық жарыстар, жастармен түрлі форматтағы кездесулер өткізу жоспарлануда. Жастарға патриоттық-әскери тәрбие беретін іс-шаралар легін көбейтіп, Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алуымыз керек. Ардагерлерге әрқашан қамқорлық қажет, олар оған лайықты.

Сонымен қатар аудан тұрғындарына мына жағдайды хабарлауды жөн көрдім. Ұлы Отан соғысындағы (1941-1945ж.) Жеңістің 75 жылдығына арнап, Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға арналып облыста ескерткіш кітап шығады. Соған байланысты боздақтар жөнінде соңынан табылған деректер, құжаттар болса, аудандық ардагерлер Кеңесіне хабарласу сұралады.

С. Бектілеуов,

аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы

COVID 19

covid

Күнтізбе