Боз даланың Боздановы

Дарынды журналист Бақытжан Бозданов тірі болса, 80 жасқа толар еді

Дәуірмен үндес қаламгер

Тағдырдың есейіп, ержетіп, өмір сапарына шыққандардың қайсысын қай бекетке бұрары, сірә, алдын ала болжана қоймайтын құбылыс-ау. Менің де берік таңдау санап, институттан кейін мүғалімдікті еншілеген еңбек жолым 1967 жылдың қоңыр күзінде бір сәтте журналистика аталатын жаңа салаға ауды да кетті. Оған, ең алдымен, жазу-сызуға деген құштарлық итермелесе, сол құштарлықтың бастау бұлағында әр кезеңде облыстық «Атырау» (бұрынғы «Коммунистік еңбек») және аудандық «Кең Жылой» (бұрынғы «Ембі») газеттерінде жарияланған аз-кем мақалаларым, соларға байланысты Меңдекеш Сатыбалдиев пен Қабиболла Сыдиықұлы сынды ақын-әдебиетші ағаларымыздың жебеу сөздері жатқан-ды.

Сонымен газет жұмысының ұңғыл-шұңғылынан бейхабарлау мені Ғилымғали Сайханов («Ембінің» редакторы) және Жәрдем Тайыпов, Кемелхан Ыбырайұлы, Сапарбек Сәрсенов, Жүсіпқали Сисенбаев бастаған «тіс қаққандар» қарсы алды. Солардың бірі - бойшаң, жүріс-тұрысы қағілез, ой-пікірі салмақты, редакцияның бөлім меңгерушісі Бақытжан Бозданұлы еді.

Тереңірек танысып, етене білісе келе оның да қасиетті шаңырақ табалдырығынан мүлдем басқа мамандық иесі ретінде аттағаны белгілі болды. Ол ілкіде Оралдағы ауылшаруашылығы институтына түспекші екен. Он жылдықты бітірген соң ол ойын өзгертіп, Атыраудағы мұнай техникумын қалапты. Тағы бір қызығы, сол Жылыойдың Құлсарысында техникумның филиалы ашылып, сонда ауыстырылыпты. Содан күндіз Құлсары кәсіпшілігінің механикалық шеберханасында токарь болып істеп, кеште техникумда оқыпты.

Әрине, себепсіз салдар жоқ. Оның бұл бетбұрысына, ең алдымен, өнегелі де өрнекті сөз иесі атанған, би, шешен, шежіреші Боздан Жадырабайұлының ықпалы тигені ақиқат-ты. Оның осындай әке ұрпағы бола тұрып, мәйекті сөз бен ажарлы ойдың отын маздатпауы тіптен мүмкін емес-ті. Оған қоса алпысыншы жылдар Бақытжанмен үзеңгілес жас қалам иелерінің кеудесінде сезім оты лапылдап жанып тұрған кезең болатын. Жастардың әдебиет пен өнерге ұмтылысы да сұмдық еді. Кеудесін жыр буып, қөңілін шабыт желкені кернеген Марат Отаралиев, Күзембай Әміров секілді адуын ақындардың «Қаланың қапырығы мен қарбаласынан құтылып шығып, Кең Жылыойдың саф ауасын жұтуға келдік» деп, біраз думанды кездесудің ортасынан табылатынына талайлар куә.

bozdanov1

Сөйте жүріп, Бақытжан редакцияның да, өмірдің де белді-белді баспалдағынан өтті: жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазымдарын абыройлы атқарды. Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды. «Ерлік еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Журналистер Одағының, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің, Атырау облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, Республика тәуелсіздігіне 10 жыл толуы құрметіне Елбасы Н.Назарбаевтың алғысхатымен, Теңіз кешенінің ашылғанына 25 жыл толуы құрметіне арнаулы төсбелгімен марапатталды. Екі дүркін аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. «Теңіз қалай түледі?», «Теңіз және экология», «Біздің заманымыздың бір әулеттегі кейіпкерлері», «Қара арна: кеше және бүгін» (Ә. Төлеуішовпен бірге) атты кітаптар жазды. Ең бастысы - зайыбы, ардагер ұстаз Баян екеуі жарық дүниеге тоғыз ұл-қыз әкеліп, олардың өмірден өз орындарын табуына қамқорлық жасады. Жылыой ауданының және Ақкиізтоғай ауылының Құрметті азаматы. 1973 жылдан бері облыстық «Атырау» газетінің Жылыой және Мақат аудандары, кейін біржола Жылыой ауданы бойынша меншікті тілшісі. Осылайша ол елу жылға жуық ғұмырын баспасөзге арнап, қалам қарымымен елді танытты, қалам қарымымен өзі елге танылды. Әрбір қимылы мен іс-әрекеті арқылы жас талап иесіне: «Әуелі, қаламды қолыңа не үшін алдың, соны біліп ал! Соны білген соң, қаламыңмен ел-халқыңа қызмет ет! Өмірді боямасыз бейнеле! Ертеңгі күннің қандай болмағы бүгінгі тындырған ісімізге, қай істі қалай атқарғанымызға, өзімізді қалай ұстайтынымызға байланысты» деген тұжырымды үзбей аңғартып және қазақ баспасөзіндегі тамаша үрдісті жалғап әкетіп, шығармашылық ізденіске кең арна ашуға ұдайы ұмтылып отырды. Ол не нәрсені тілге тиек етсе де, не атын шығаруды, не баспасөздің пәрменін пайдаланып, сес көрсетуді, не қазымырлыққа бой алдырып, ақылман болуды ойлап аласұрмайды. Баппен, байыппен жазады.

Өнеге атаулының көсегесін көгерткісі, кесел атаулының жолын кескісі келеді. Сол үшін ұйқысын қияды, жанын ауыртып, намысын жаниды. Ақыр аяғында «айтпаса, сөздің атасы өледі» деп, жазу столына отырады, алыс сапарларға шығады. Оқырман назарына ұсынғалы отырған дүниесін шындыққа суарып, жүзді ойландыратындай, мыңды толғандыратындай «өнім» етіп шығарады. Бұл орайда қаламгердің журналистиканың сан алуан жанрын пайдаланып, мақалаларына небір өзекті мәселені арқау ете білетіні де – ерекше сүйінішті жағдай.

Қаламгердің соңғы жылдары «Атырауда» жариялаған «Ел аңқау болса, доңыз төбеге шығады», «Шынашақтай шенеуніктің өзінен кеселі көп», «Құлсары қаласы әкімінің құлағы тосаң», «Ақылсыз атқа мінсе, атасына да қарамайды», «Құлсарыға әкім іздеп, әлек болдық», «Сиыр бағуды шетелден үйреніп жатырмыз», тағы басқа тақырыптардағы өте өткір материалдарын кім-кімнің де сүйсініп оқығаны шүбәсіз.

bozdanov

«Бір сөз бір сөздің қуғыншысы» дегендей, тағы бір оқиғаны еске түсіру артық емес секілді. Ол Теңіз кеніші жедел игеріліп жатқан кезең-ді. Жылыойдың қақпасы кең ашылған. Соған сай келімсектер саны көбейген. Жұмыс келімсектер үшін бар да, жергіліктілер үшін жоқ. Бүл нағыз әділетсіздік еді. Ол жастардың толқуын туғызды. Орынды-орынсыз шекісу басталды. Осы мазасыздық дүмпуі облысқа жетіп, ауданға облыстық Кеңес төрағасы Н.Новиков келді. Бірақ оның жиындағы сөзі бүйректен сирақ шығарғандай болды. «Жергілікті кадрлардың қолынан ештеңе келмейді. Сондықтан сырттан келгендерге тимеңдер. Тіпті оларға ерекше жағдай жасау керек» деді ол. Амал не, сөз иесі - дырдай бастық. Сол себепті жергілікті басшылар үнсіз. Ал осы кезде олар айта алмаған сөзді «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, батылы барып Бақытжан ғана айтты. Оны батылы барып өз газеті «Атырау» жария етті.

Осы заманның ең бір ушыққан, адамзаттың тынысын тарылта бастаған мәселесі экология десек, Бақытжан да осындай сан-сапат экологиялық зардаптарды жан жүрегінен, ой елегінен өткізіп, өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарында-ақ алып Теңіз кешеніне байланысты "Қоршаған орта қауіпсіз болса", «Чернобыль қасіреті қайталанбасын десек», «Адам апатқа ұшырамауы тиіс» атты мән-мағынасы ешқашан жоғалмайтын материалдар жазды. Ақын Аманқос Ершуовтың Бақытжанға арнаған бір өлеңіндегі:

Алтының да – ол үшін қара бақыр,

Жемқорлардың басына салады ақыр,

Өрмекшідей шырмалған мафияны,

Өртеу үшін асығыс бара жатыр, - деген шумақ та көп жайттан хабар бергендей-ау.

Онымен кездесе қалып, сұхбаттассаң, өмір жасың талай жылға ұзарғандай әсер аласың. Жан-дүниең тазарып қалады. Өйткені оның өзі – заманның талай өткелінен кірлемей өткен, пәк ғұмыр кешкен, ішкі жан сарайын ‘үнемі таза ұстап, күш-қуатын мол ақыл-парасатпен үздіксіз байытқан, байытып отыратын жан. Болмысы - бекзат, жаратылысы - текті. Осылардың бәрін оның киген киімі де, жүріс-тұрысы да, адамдармен қарым-қатынасы да айқындап тұрады.

Қаржаубай Сұлтанғалиұлы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

(Журналистің көзі тірі кезінде жазылған суреттеме)

 

 

Жылыой ауданының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Журналистер одағы сыйлығының иегері, қабырғалы қаламгер Бақытжан бозданұлының өмірден озғанына 10 жыл толуына орай өтетін "Қалам ұшындағы қасиет" атты шығармашылық еске алу кеші бағдарламасы

1. "Қалам ұшындағы қасиет" атты шығармашылық еске алу кеші

2. Бақытжан Бозданұлының кітаптарының тұсаукесері

3. Көрме

Басталуы: сағат 10.30, 19.01.2020

Өтетін орны: Құлсары қаласы, жастар үйі (бұрынғы "Мұнайшылар" клубы)

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521