Биыл әйелдер зейнетке неше жастан қалады?

БЖЗҚ маңызды сұрақтарға жауап береді

-Биыл 25 ақпанда менің анам 59 жасқа толды. Ол зейнеткерлікке шығуға дайындалып жатыр. Бұл үшін құжаттарды қайда тапсыру керек?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес зейнет жасына толған азаматтар, олардың ішінде биыл 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59,5 жасқа толған әйелдер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Осылайша Сіздің анаңыз 59,5 жасқа толуға 10 күн қалғанда, яғни ағымдағы жылдың 15 тамызында зейнетақы төлемдерін алуға өтініш бере алады.

Алайда есіңізде болсын, зейнетақыны 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін рәсімдеу керек. Егер анаңыз одан кешіктірсе өтінішті 2021 жылы 60 жасқа толғанда беруіне тура келеді. Зейнетақы алу құқығына ие болған азаматтар зейнетақы төлемдерін рәсімдеу бойынша бірыңғай өтініш пен құжаттар топтамасын тек бір жерге – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) тапсырады. Әрі қарай Қор төлемдері мен бюджет есебінен берілетін зейнетақылар (ортақ және базалық зейнетақы) кесте бойынша алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына ай сайын бір мезгілде аударылып отырады.

Бұл ретте алушыға мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын (инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтары мен нақты енгізілген МЗЖ, МКЗЖ сомасы арасындағы айырма) төлеуге қатысты алдын алу қызметі көрсетіледі. Яғни, бұл үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Қордан алғашқы төлемдер зейнет жасына толған алушының банк шотына оның өтініші Мемлекеттік корпорацияға тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде немесе Қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Әрі қарай Қор төлемдері мен бюджет есебінен берілетін зейнетақылар арнайы кесте бойынша алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына ай сайын бір мезгілде аударылып отырады.

Зейнетақыны рәсімдеу үшін ХҚКО-ға мынадай құжаттарды тапсыру қажет:

  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • банк шотының нөмірі;
  • жұмыс орнынан айлық табыстар және міндетті зейнетақы жарналары туралы анықтама;
  • еңбек кітапшасы;
  • білімі туралы диплом;
  • әскери билет (қорғаныс істері бойынша жергілікті басқармадан);
  • неке туралы куәлік;
  • балалардың туу туралы куәліктері.

Туу туралы куәлік жоқ болса, актілік жазбадан үзінді-көшірмені немесе азаматтық хал актісін тіркеу туралы анықтаманы әкелуге болады. Толық ақпаратты Мемлекеттік корпорацияның egov.kz сайтынан немесе ХҚКО-ның жергілікті филиалдарының бірінен біле аласыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521