ads_banner

Бір ай шыдасаң, індет жойылады

Бірнеше күннен бері ауыл жұртының қыдырып, қонақ шақырып, бір бірімен көрісіп, ас беріп жатқаны жайлы хабарларды оқып отырмын. Оқып жаным ауырып отыр. Халық аңғалдығынан, білместіктен, қонақжай, дархандығынан опық жеп қалмаса екен деймін. 

Бұл вирусқа жай жеңіл ауру деп қарасаңыз қателесесіз, бұл - індет. Бір адам бірнеше күнде жалпақ жұртқа жұқтырып, орны толмас қайғыға қалдыруы мүмкін. Одан сақтанудың жалғыз жолы - үй араламай, өз үйіңізде отыру. Бұл - тез таралатын жұқпалы ауру. Есігі жабылмайтын, дастарханы жиылмайтын ауыл үшін, жалпы қазақ үшін есігін іліп үйге ешкімді жолатпау - мәдениетсіздік көрінгенімен, қазіргі жағдай басқа. Шыдай тұрыңыздар! Бір-біріңізді дұрыс түсініңіздер! Жаппай жұға бастаса, емдейтін дәрігер, жататын орын, жасанды жолмен тыныс алуға көмектесетін аппарат жетпей қалуы мүмкін. Түсінесіздер ме? Кеше бірнеше мыңдаған шақырымда шетелде жүрген індет бүгін елге келді. Бұл - ертегі де кино да емес, бұл дәл қазір әлем халқы күресіп жатқан қауіпті індет. Қазір Италия мен Иранда жағдай өте нашар, кеше Италияда бір күнде 700-ге тарта адам қайтыс болды. Себебі олар басында, ауру саны аз болғанда ескертулерді тыңдамай, сенбей көшеде жүріп, қалай жұқтырғандарын білмей қалды. Енді түсінгенде кеш болды, тез тарап кетті. Қазір ондағы жағдай қиын, дәрігер жетпей, дәрігерлерге жұғып, тыныс алу апараттары жетпей адам қырылып жатыр.

  Ауруды таратпаудың жалғыз жолы - ешқайда бармай үйде отыру. 1 ай шыдасақ, індет тарамағандықтан жойылады. Қиын дүние ме? Әлде ажалмен арпалысқан жақсы ма? Онда да соңы немен бітері ешкімге беймәлім. Қазір сіздерде таңдау бар, ал ертең тым кеш болуы мүмкін. Ақылға салып, сабырға келіп үйде отырыңыз. Үкімет те, дәрігерлер де қолынан келгенін жасап жатыр. Үйде отыра тұрмай жаппай таралса сізге ешкім көмектесе алмайды. Туған-туыс, балалар көз алдыңызда, үйдесіздер, ал біраз мамандық иелері бастарын қатерге тігіп ұйқысыз, күлкісіз жұмыста жүр, олардың да баласы, ата-аналары бар. Олар үйлеріне қорқып кіріп, қорқып шығуы мүмкін, себебі дәрігерлер сырқат жандармен тікелей жұмыс істейді.

Біздің ел тез қимылдап, барлық тиісті шараны қолға алды. Қалғаны- халықтың қолында. Біз саналы азаматтар ретінде бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Көмегіміз – ешқайда шықпай үйде отыру, барлық жүрісті тоқтату. Интернет ашық тұр, үйде тіл үйреніңіздер, ас пісіру, тоқу-тігу, билеу, жаттығу жасау секілді істермен айналысып, осы уақытты тиімді пайдаланып, бәрін үйреніп алыңыздар.  Өзін-өзі жетілдірумен айналысуға болады. Балаларыңызға ертегі оқыңыздар. Олардың армандарын біліңіздер. Болашаққа бірге жоспар құрыңыздар.  Біздің күшіміз - бірлікте ғана. Біз бірлесе ғана жеңеміз. Ана саясат, мына саясат деген түрлі алып-қашпа әңгімеге сенбеңіз, саясат қазір біреу - халықты індеттен аман алып қалу. 

Әрқашан амандық болсын!

Әнуар Әуелбеков, журналист

Сурет: ашық дереккөз

COVID 19

covid

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Жарнама

ads_banner2

ads_banner