Балдан тәтті қарбыз пісті, базарға түсті

«Жақсылық» шаруа қожалығы еккен қарбыздар биыл базарға өзге дихандардан бұрын жетті.

Әдетте сортаң, содан да бір тал шыбық тырбия өспейтіндей көрінетін туған жеріміздің топырағының әйтеуір елден ерек бір қасиеті бар. Тыңайтқыш, улы химикаттарсыз-ақ осы топырақта өсіп-өнген көкөністің елден ерек, жесе таңдайдан кетпейтін дәмі бар. Домалақ әңгелектерінің бір тілімін кесіп ауызға салсаңыз қанттан бетер тәтті. Ал қарбызын жеп көрсеңіз, ол да қанттай тәттілігінен таңдайда еріп жүре береді. «Жылыой топырағының құрамында тұз мол. Бау-бақша дақылдарының ерекше тәтті болатыны содан» деп оқымаған білгіштер айтып та жатады. Оқымаса да айдалада еңбек етіп, өмірден сабақ алып, тәжірибе жинап, «практикадан өткендер» ғой. Айтса айтқандай, Жылыой топырағында өскен көкөніс те, жеміс те ерекше тәтті. Орта Азиядан, Шымқаладан не басқа жақтан жеміс пен көкөніс әкеп сатып күн көретіндер жергілікті жердің өнімін тұтынушылардың ту талапай сатып әкететінін көріп, өздерінше қулық ойлайды. «Бұл Жылыойдың өнімі» деп тауарының қасына картон қағазға бадырайта жазып қоятындары бар. Бірақ жылыойлықтар сапасы күмәнділеу қарбыздарға күмәнмен қарайды да жылда өз жерінде өсетін өнімді асыға күтеді. Жылыойлық диханшылар да асықпайды, көкөнісін сапалы түрде баптап, суғарып, әлпештеп өсіріп-өндіріп бір-ақ әкеледі базарға.

Міне, биыл да жылыойлықтар еккен қарбыз жаз айларының бірін аяқтап барып, әдеттегідей шілдеде базарға түсті. Содан сатырлаған шартпа-шұрт сауда...Елдің алдымен көкөністері піскен «Жақсылық» шаруа қожалығы болды. Бір мәшинеге тиеп қарбыздарын әкелгені сол-ақ, «жергілікті өнім» келгенін бірден білген жергілікті жұрт ілезде сатып әкетті. Біз көкала қарбыздардың бірін алып тұрып, журналист ретінде осы шаруа қожалығының диханшыларымен тілдесіп те үлгердік. Қарбыздарды машинамен алып келген Серік Қайырғалиев өнімнің әп-сәтте өтіп кеткенін айтып жымиып қояды.

«Жақсылық» шаруа қожалығының иесі - Марат Исағалиев. Отбасылық шаруашылыққа зайыбы Шолпан Исағалиева, қызы Жадыра да қолқабыс етеді. Биыл көктемде бұлар 30 гектар жерге бау-бақша отырғызыпты. О баста «қалай болар екен?» деген сыңайда шағын ғана жерге ексе, биыл жер көлемін едәуір ұлғайтыпты. Себебі өткен жылы бақша дақылдарынан едәуір мол пайда тапқан еді.

«Жақсылық» шаруа қожалығы аз уақытта өнімдерімен ауданға танымал болды. Базардағы қаз-қатар тұрған жүк машиналарының алдындағы сары алтындай сап-сары қауындар мен жасылала қарбыздары қолдан қолға тимей өтіп кетті. Жұрт «Жақсылықтың» қауын-қарбызы жақсы» деп іздеп келетін болды. Сондықтан осы кәсіпке шындап кірісті. Құлсары қаласынан «Жақсыкелді» деген сауда дүкенін ашты. Арзан бағаға үстеме баға жапсыратын, сөйтіп халықты қымбатшылықпен қан қақсататын өзге алыпсатарлардай емес, бұлар - шын маңдай терлерімен тапқан ақадал өнімдері. Ал маңдайдан сорғалаған тер қаншалықты ащы болса, өз қолдарымен еккен өнімдері соншалықты тәтті. Біз «Жақсылық» шаруа қожалығына маңдай терлеріңіздің жемісін тере беріңдер» деп тілек айттық.

С.Тәжіқызы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521