Ауылға мамандар қажет

Майкөмген ауылдық округінің әкімі Марат Қабиденов тұрғындар алдында 2019 жылғы атқарылған жұмыстары туралы есебін берді.

Сонымен қатар алдағы жоспарларымен бөлісті. Оған аудан әкімі Азамат Бекет, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары қатысты.Алдыңғы кезекте ауыл әкімі жасалған жұмыстары туралы баяндамасын оқып, содан кейін тұрғындар бірден сұрақ қоюға көшті. Ауыл тұрғындарының бірі желмен ұйтқып, үйлердің маңына үйіліп қалған топырақты тазалау үшін көмектесуді сұрады. Ауылдағы құрылыспен айналысып жатқан мекемелер осы құмды алып, өз қажеттеріне жаратса деген ұсыныс та айтылды.

Ауыл теміржолдың екі жағында орналасқан. Осы теміржол өткелінен жеңіл көлікпен өту қиындық келтіріп жатады екен. Сондықтан өткелге жөндеу жүргізілсе деген тілек айтылды.

Майкөмгендегі қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі - тұрақты дәрігердің жоқтығы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, дәрігер аудан орталығынан аптасына бір-ақ рет келеді екен. Аудандық аурухана директоры Нұрбек Үкібаев, расында да, қазіргі уақытта дәрігерлер жетіспей жатқанын айтты. Фельдшер және арнайы көлік бар. Алайда «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келетін дәрігер табылмай отыр. Маман үшін баспана мәселесі де шешілген. Дәрігер мамандығына оқып, ауылға жұмыс жасауға ниеті бар жастар үшін арнайы облыс әкімінің грант бар екендігі айтылды.

Ауылға жаңа трансформатор қойып, электр желісін жүргізіп жатқан мердігер мекеменің өз жұмысын аяқтамай отырғаны жиналыста белгілі болды. Тұрғындар тоқ қуатының аздығына шағымданды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мереке Зейнуллин бұл мәселені осы жылдың бірінші жартысында шешуге тырысатынын айтты.

Ауыл ақсақалы Жаумадин Демесінов халық үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, енді мәдениет үйі салынса, мектеп ғимараты кеңейтілсе деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары мешітте имамның жоқтығын айтып, қауіпсіздік үшін теміржол маңына қоршау салынса деген мәселені көтерді. Қазіргі уақытта тұрақты учаскелік полиция қызметкерінің жоқтығы да айтылды.

Бұл мәселеге орай жауап берген аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мұрат Демегенов бұрынғы учаскелік полиция қызметкері зейнеткерлікке шығуына байланысты екі ауылға бір учаскелік полиция жүргенін айтты. Жақын арада бұл мәселені шешуге уәде берді. Аудан әкімі Азамат Бекет ауыл тұрғындарының көтерген мәселелеріне орай жауап беріп, шарасы алынатынын жеткізді. Сонымен қатар аудан әкімі ауылға қажетті мамандарды оқытуға қолдау көрсетілетінін айтты.

Қ.НҰРТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521