Ауданда ең мерейлі отбасы анықталды

Жыл сайын елімізде "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы да осы үрдіс жалғасын тапты. Бүгінде әр ауыл, әрбір аудан ең үздік шаңырақтарын анықтап жатыр.

Ал байқаудың аудандық кезеңінде жүзден жүйрік шыққан отбасы облысқа, ал облыстан оза шапқандар республикалық байқауда бақ сынайтын болады. Биыл аталған шараға алты жылыойлық өнегелі отбасы қатысты. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауында ауданымыздағы түтіні түзу ұшып, алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп отырған үйлерді, алдымен, аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы құттықтады.

- Отбасын шағын мемлекет десек, мемлекеттің де іргетасы берік отбасынан тұрады. Сондықтан халқымыздың отбасында қалыптасатын игі салт-дәстүрлерін насихаттап, бауырмалдық, ауызбіршілік, үлкенге ізет, кішіге ілтипат секілді асыл қасиеттерін жастарға жеткізе білуде осындай шаралардың маңызы зор. Байқауға қатысушы барлық отбасыларға аудан әкімдігі атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді аудан әкімі. Жүргізушілер сахна төріне байқауға қатысушы отбасыларды кезекпе-кезек шақырды. Алдымен, Майкөмген ауылдық округінен Төлегеновтер отбасы, Қара-Арна ауылдық округінен Нұрғановтар отбасы таныстырылды. Майкөмгендік үлгілі отбасының тірегі Ахметжан Төлегенов - автокөлік саласында еңбек жолын бастап, 40 жылға жуық уақыт "Қазақстан теміржолы" АҚ Құлсары жөндеу дистанциясында табан аудармастан жол жөндеуші болып еңбек еткен, қазіргі уақытта жеке кәсіп иесі. Жұбайы Айман Жұмабаевамен екеуі - бес бала тәрбиелеп өсіріп, алғашқы немерелерін сүйіп отырған бақытты ата-әже. Еңбексүйгіш ата-ананың балалары да - ауданның әлеуетіне үлесін қосып отырған азаматтар. Ал Нұрғановтар отбасының иесі Ерлан бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, есепшісі, ферма меңгерушісі, Құлсары мұнай басқармасының Қисымбай мұнай-газ өндіру цехының Аққұдық бөлімшесінде мұнай операторы, Құлсары қаласы әкімдігінде және Мақат ауданында жауапты қызметтер атқарды.

Бүгінгі таңда ауылшаруашылық бөлімінде бас маман қызметінде. Зайыбы Хадиша Нұрғанова болса, №9 мектепте жоғары санатты мұғалім, аудан, облыс көлеміне танымал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Үш ұлынан он немере сүйіп отыр. Балаларының барлығы мұнай саласында еңбек етуде. Сондай-ақ өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар отбасылар - Жаңа Қаратон кентінен Қуаныш Бөлебаев, Қосшағыл ауылдық округінен Ербөлек Оңғарбаев, Жем ауылдық округінен Сағын Есқайыров отбасылары ортаға шақырылып, таныстырылды. Қай-қай шаңырақтың тарихын тыңдасақ та, отбасының өркендеуі, алдымен, бірлік пен берекеден, адал еңбекпен өрілген, бала-шағаның қуанышымен өрнектелген. Осы шаттығы шалқыған, татулығы жарасқан шаңырақтарды Аналар кеңесінің төрайымы Мұстахима Исаинова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Кәдіровтер құттықтап, аудан әкімінің атынан алғысхаттар табыс етті. Ал байқаудың аудандық кезеңінен жеңімпаз атанып, облыстық байқауға жолдама алған құлсарылық отбасы - Нұрдәулет Ақназаровтың шаңырағы. Отағасы Нұрдәулет Ақназаров 1942 жылы дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ауылшаруашылық саласында бастаған. Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында тілші, Жылыой аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, мәдениет және білім салаларында лауазымдық қызметтер атқарған. Жиырма жылдан бері "Білім" серіктестігінің президенті, "Дарын" әдеби шығармашылық бірлестігінің төрағасы, "Жылыой жарнамасы" газетінің құрылтайшысы әрі бас редакторының міндетін атқарушы. ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы. Зайыбы Баян Алтаева екеуі - алты ұл-қыз тәрбиелеп, он сегіз немере-жиен, бес шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпазы Нұрдәулет Ақназаров отбасын аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы құттықтап, грамота табыс етті. Ал барлық байқау қатысушыларына кір жуғыш машина сыйға тартылды.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген: А.Долыбекова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521