Қасиетті Қадір түні

Қасиетті Қадір түнінде Жылыой мұсылмандар орталық мешітінде аудан азаматтары бірігіп, ауызашар берді.

Оған қажылар, мекеме басшылары, жергілікті жамағат қатысты. Сондай-ақ берекелі дастархан басында жиылған өңіріміздің игі жақсылары да кезекпен сөз алып, барша мұсылман қауымның қасиетті Қадір түнінде жасаған дұға-тілектерінің, ұстаған оразаларының қабыл болуын тіледі. Ауызашар соңында Жылыой мұсылмандар орталық мешітінің бас имамы Арман Исаев ораза ұстаудың мәні және ауыз аштырған кісіге берілетін сауап жайында, Қадір түнінің қасиеті, мұсылманның ауызбіршілігі жайлы айтты. Сонымен қатар Рамазан айы бойы ұйымдастырылып жатқан ауызашарлар үзілмегенін айтқан имам ай бойы жасалған қайырымдылық іс-шараларына демеу көрсетіп жүрген қайырымды жандарға алғысын білдірді. Қадір түні мешітке келген 500 адамға ауызашар беріліп, сәресіне де дастархан жайылды.

Имамдар дайындалған бағдарламаға сәйкес Рамазан айы, Қадір түні, ораза тақырыптарын қамтыған уағыз-насихат айтып, сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, жауап берген жамағаттарға бағалы сыйлықтар беріліп, мешітке келген жамағат қасиетті түннің маңыздылығы мен ерекшеліктері жөнінде кеңінен мағлұмат алды. Орталық мешітте қасиетті Қадір түні Құран хатым аяқталды. Бас имам А. Исаев Құран хатым дұғасын жасап, Рамазан айы бойы тарауих намазын өткізген Ахмад Гук қариға алғыс білдірді. Қадір түні Жылыой ауданына қарасты барлық мешіттерде де жоғары деңгейде өтті. Мешітке жиналған жамағат бұл қасиетті түнді құлшылық, ғибадаттарымен өткізді.

Ж.ШАҢҚАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521