Алып кәсіпорынның ширек ғасырлық мерейтойы

Биыл 6 сәуірде еліміздегі алып кәсіпорын – «Теңізшевройл» құрылғанына 25 жыл толу мерейтойын өзі орналасқан мұнайлы өлкеде дүркіретіп атап өтті.

Бұл күні Атырау қаласындағы ТШО-ның бас кеңсесінде өткен салтанатта Үкімет өкілдері, компанияның серіктестері және қызметкерлері, алыс-жақыннан келген қонақтар, жалпы облыс жұртшылығы бас қосты. Шараға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

«Өткенсіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – келешек жоқ» дегендей, кәсіпорынның 25 жылдығына арналған салтанат тарихи бейнебаяннан басталды. Онда атақты мұнайшы Жолдасқали Досмұхамбетовтың Теңіз кенішінің қалай ашылғаны жайлы естелігі көрсетілді. Қазақстандық геолог-мұнайшылар картаны әкеліп көрсеткенде Жолдасқали Досмұхамбетов  қай жерді бұрғылау керек екенін қарындашпен көрсетіп тұрып: «Күндердің күнінде осы жерден телегей теңіз мұнай алатын боламыз. Ал кен орнының аты «Теңіз» болады», - деген еді. Мұнайшының көреген болжамы шындыққа айналып, нақ осы жерден атына сай қара алтын қоры анықталды. «Мәскеумен арадағы ұзақ келіссөздерден кейін алғашқы ұңғыманы бұрғылауға рұқсат алынды. 1979 жылы желтоқсанда біздің ұңғымадан мұнай бұрқағы атқылады», - деген Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы, Ленин атындағы сыйлықтың, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы Жолдасқали Досмұхамбетовтың бейнебаяндағы сөзі тыңдалды.

Ал тәуелсіздікке жаңа ғана қол жеткізген жас мемлекет – Қазақстанға арнасынан тасыған ен байлықты игеру үшін шетелдік инвесторлардың қолдауы қажет еді. Міне, осы жайт Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ірі халықаралық мұнай-газ корпорациясы «Шевронмен» келіссөздерді бастауына негіз болды. Нәтижесінде 1993 жылдың 6 сәуірінде ҚР Үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы арасында 40 жылға келісімшарт жасалды. Бейнебаянда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың осы тарихи сәт жайлы айтқан сөзі салтанатта бас қосқандардың елімізге деген мақтанышын арттырды.

Міне, осы ғасырға татитын еліміз үшін маңызды келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап, қара алтынға бай ен даладағы кен орнына  жер-жерден мұнайшылар, құрылысшылар, басқа да жұмысшылар күші жұмылдырылды. Құрылған уақыттан бері ТШО-ның жалпы мұнай өндірісі 392 млн тоннаны, ал газ өндірісі 122 млрд м3 құрады. Мұнай өндірісі 1993 жылы жылына 1 млн тонна болса, 2017 жылы 28,7 млн тоннаға жетті. Бұл – жалпы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бір бөлігі.

- Өткен 25 жылда Қазақстан Үкіметі мен серіктестеріміздің қолдауы әрі ТШО-ның мыңдаған қызметкерлерінің қажырлы еңбегі арқасында компания өндірісті қауіпсіз әрі сенімді жүргізуде орасан зор жетістіктерге жетті. Компания Қазақстан экономикасы мен Атырау облысы жұртшылығының әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосуда. ТШО келешекке сеніммен қараған Қазақстан Республикасы халқымен бірге өсіп, дамып келе жатыр, - деді салтанатты шараны ашқан «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон.

Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Теңізшевройл» - еліміздегі өте сәтті әрі ұзақ мерзімді инвестициялық жоба. Осы жобада шоғырланатын шетелдік инвестициялар мультипликативтік әсер беріп, бизнестің дамуына, сонымен қатар халықтың әлеуметтік жай-күйін жақсартуға ықпалын тигізуде» деп атап көрсетті.

ТШО-ның әлеуметтік жобаларға құйып отырған инвестициясы жайлы ТШО-ның бас директорының орынбасары Мұрат Мұқашев сөйледі. Ол:

- 1993 жылдан бастап ТШО-ның қазақстандық тауарлар мен қызметтерге 24 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі инвестициялары отандық жабдықтаушылардың тұрақты қорының дамуына айтарлықтай ықпал ете отырып, Атырау облысы мен жалпы Қазақстанның экономикалық ілгерілеуіне үлесін тигізді. Сондай-ақ ТШО Атырау облысы халқы мен компания қызметкерлерінің игілігі үшін әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсады, - деді.

«Теңізшевройл» ЖШС – шикі мұнайды, сұйық және құрғақ газды, онымен бірге күкіртті өндіру және өткізумен айналысатын қазақстандық компания. Компанияның қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» копорациясы   (50%), «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (20%), «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.»  (25%) және «ЛукАрко» (5 %). Шарада келесі кезекте осындай ортақ істе «Теңізшевройлмен» иық тіресе қызмет етіп келе жатқан осы және басқа да серіктестер, компанияның қызметкерлері сахна төріне шақырылып, марапатталды.

Салтанатты шараның ресми бөлімі аяқталған соң «Теңізшевройл» ЖШС-ның                     25 жылдық мерейтойына шақырылған барлық қонақтар еліміздің белгілі  өнер жұлдыздарының концертін тамашалады. «Номад» этнофольклорлық ансамблі күмбірлеген күйімен ұлттық рухымызды көтерсе, қазақтың кең даласындай қоңыр дауысты әнші Алтынай Жорабаева әр жүректе осындай ен байлығы бар елімізге деген мақтаныш сезімін асқақтатты. Опера әншілері мен бишілері биік классикалық өнермен сусындатты. Еліміздің жарық жұлдыздары өнерін паш еткен мұндай концерттер сәуірдің 7-сі күні Атырау қаласы мен Құлсары қалаларында өз жалғасын тапты.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

Құлсары-Атырау-Құлсары.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521