Алты Алашты өнерімен мойындатқан Салауат

Шоқпартоғайдан шыққан шоқтығы биік айтыстың ақтаңгері Исахаев Салауат Жұмағалиұлы бар жоғы 44 жыл ғана өмір сүрсе де өз өнерімен, семсер тілімен, мағыналы жырымен, абыройлы ісімен, жанының жомарттығымен, ер жүрек батылдығымен, қазақ жігітіне тән азаматтығымен Алты Алашты мойындатып кеткені анық.

Жас күнінен республикалық айтыстарда топ жарып, замандас ақындарына сыйлы болып, Атырау облысының намысын қорғап, елдің сөзін сөйлей білді. Артында Баршагүлдей жан – жары, Перизат, Солидад, Шара атты қыздары және Ернұр атты жалғыз ұлы қалды.

Қазақ елі 1991 жылы тәуелсіздік алып, ұлттық салт – дәстүр, әдет – ғұрып, төл өнеріміз жанданып, үлкен сахналарда айтыс өте бастағанда, Атыраудан екі бірдей айтыскер ақын қатар шығып, ел намысын қорғады. Олар Шынарбек Қабиев пен Салауат Исахаев еді. ХХ – ғасырдың 90 жылдары Салауат ағамыз барған айтысынан жүлдесіз қайтпайтын ерен жүйрік болды. Қарсыластары Салауатпен жұпталмасақ екен деп, айтысудан қашатын болыпты дейді көзкөргендер. Салауат ағаның сөз арасында тауып айтқан, деген екендерінің өзінен бір үлкен кітап дайындап шығаруға болатын еді. Бірақ оны уақытында құнттап жазатын адам болмағаны өкінішті. 44 жас деген ер адамның қамал алатын, нағыз үлкен істерге ұйытқы болатын кезі ғой. Салауат ағамыздың артында қалған мұрасы 1989 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі 80-ге жуық айтыстары және Әбдіғаппар Темірхановтың сөзіне жазылған «Ата – Ана парызы » деген әдемі әні. 2007 жылы Қазақстан ұлттық арнасы өткізген «Қазақстан чемпионатында» 2 – орын алып, ақтық сайысы тікелей эфирде көрсетіліп, сол кездегі мәдениет министрі Ермұхамбет Ертісбаев Салауат ағамызға ҚР-ң мәдениет қайраткері атағын бергенін миллиондаған көрермендердің тамашалағанын жұрттың бәрі біледі.

Ең соңғы айтысын, жастық шақтан біге келе жатырған жандай досы Жәкен Омаровпен Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ-ң 95 жылдығына арналған дүбірлі додада өткізді. 2018 жылдың 6-қыркүйек күні Аққыстау кентінде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ң 50 жылдығына арналған республикалық айтыста Бекарыс Шойбековпен айтысуы керек еді, Алланың ісіне шара бар ма бұйырмады. Жылыой ауданының 90 жылдығына арналған республикалық айтысым өнер жолындағы соңғы айтысым болады, ел–жұртымның намысын қорғап, топ жарамын деп үлкен дайындықта жүрген Жылыойдың жампозы, өкінішке орай сол армандаған айтысына жете алмай қалды. Салауат ағаммен 2008 жылы жақынырақ танысып, бауырлас інісі, өнердегі шәкірті болып кеттім. Менен ұстаз шықпайды деп әзілдейтін еді. Өлеңімді жазып бермесе де, ақылын айтып, айтыста бағыт – бағдар беріп отырды. 2008 жылдан бастап осы күнге дейін бірге қатысқан айтыстарға жұбымыз жазылмай барып жүрдік. 2017 жылы Атырау қаласында өткен шығармашылық кешінде, шәкірті болып арнау өлеңімді оқып бердім. Отбасымызбен араласып, үйлену тойымды басқарып, барық қуанышымды бөлісті, ұстазыма алғыстан басқа айтарым жоқ, қолда бар да алтынның қадырын білмедік. 2017 жылы Құлсары қаласында өткен « Меңдекеш Сатыбалдиевтің 80 жылдығына » арналған батыс аймақтық айтыста Салауат Жұмағалиұлына «Жылыой ауданының құрметті азаматы» атағын беруді ұсынып едім, өкінішке орай халық қолдаған ұсынысымыз аяқсыз қалып, өз шешімін таппады.

Сырымбек Сәрсенбаев,

шәкірті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521