Қала әкімдігіндегі буккроссинг

Құлсары қаласы әкімдігінде буккроссинг ашылды.

Бұл бастаманы қала әкімі Ернар Ысмағұл көтерген болатын. Қала әкімдігі ғимаратына кіреберіс дәлізіне арнайы шкаф қойылып, оның сөрелеріне біраз кітап жиналыпты. Буккроссинг (ағылшын тілінде «кітаптың айналыста жүруі») – «өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген хобби мен адам және кітап арасын жақындататын, кітап оқуға шақыратын қоғамдық қозғалыстардың бірі.

Буккроссингтің ережесі бойынша, кез-келген адам өзі оқып бітірген бір кітабын қоғамдық көпшілік орындарда (саябақ, кафе, кітапхана және т.б.) қойып кете алады, кейін бұл кітапты тауып алған басқа адам оқиды, оқып болған соң, ол да сол кітапты орнына тастап кетеді, дәл осылай ол кітапты басқа оқырман оқи алады. Бұл қоғамдық қозғалысқа қатысушыларды − “буккроссерлер” деп атайды.

«Буккроссингтің» басты мақсаты ол − үйімізде шаң тозаң болып жатқан немесе оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау»; оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу; әр түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру; кітапханаға оқырмандарды тарту; күнделікті өмірдегі әр оқырманның кітап оқу әрекетін танымал етуге өз үлесін қосу; әлемді үлкен кітапханаға айналдыру; «Буккроссинг» идеясын ең алғаш рет АҚШ-та интернет-технология маманы Рон Хорнбекер 2001 жылы ұсынған. Ол қоғамдық орында мынадай жазуы бар кітап қалдырды: «Бұл жоғалып кеткен кітап емес, мына сайтқа кіріп, оның бұрынғы иесін біле аласыз».

Жарты жылдан кейін оның сайтында екінші рет дүниеге келген кітаптың жолын жалғастырған 300 белсенді пайдаланушы тіркелді. 2004 жылдан бастап «Bookcrossing» сөзі Оксфорд сөздігіне ресми түрде енгізілді. Еліміз бойынша ең алғаш рет бұл шара 2009 жылдың күзінде Алматы қаласында өтті. Буккроссингтің шарасы 2014 жылы Алматы қаласында өткен «Кітапфест» деп аталатын жәрмеңкеде өткізілген болатын. Ұйымдастырушылардың деректеріне сенсек, 10000 мыңнан астам кітап өздерінің жаңа үйлерін тауып, кітап алмасу жүргізілді.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521