22 жасында депутат болған еді

Қай кәсіпті қолға алса да, ол еңбекте озат шығып, бірнеше мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанады.

Таяуда редакциямызға Құлсары қаласының тұрғыны, зейнеткер Маруся Қонашева келді. Ол өзінің анасы Алтын Елемесова жайлы деректер ала келіпті.

1917 жылы дүниеге келген Алтын Өтепбергенқызы кезінде «Қызыл ту», «Правда» колхозында басшылық қызмет атқарып, дүкенші, сауыншы болып та еселі еңбек еткен екен. Кейін қос шаруашылық бірігіп, соның ізінде «Ембі» совхозы құрылғанда ол Құдай қосқан қосағы Елемес Жетібаевпен бірге малшаруашылығына ауысып, аға шопан болып қой бағыпты. Қай кәсіпті қолға алса да, ол еңбекте озат шығып, бірнеше мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Ауыл еңбеккерлерінің алды болған нәзік жан аудандық, облыстық Кеңестің депутаттығына сайланып, есімі Құрмет тақтасынан түспеді.

-Анамның фамилиясы, негізінен, Өтепбергенова еді. Естуімше, нағашы атам заманында өте білімді адам болыпты. Кейін тұрмысқа шыққаннан кейін әкем Елеместің есімін иеленіп, Елемесова атанып кетті. Ол заманда тұрмысқа шыққан қыздар тегін ауыстыратын орыстың «салты» шықты ғой. Бірақ қазақтың ауылдағы келіндері ол тығырықтан шығатын жол таба білді. Көпшілігі жарының атын фамилиясына жаздырып алып жүрді. ...Шешем еңбек еткен жылдары мен бала едім. Сондықтан да оның өмір жолы туралы нақты айтып бере алмаймын. Ес біліп, етек жиғалы анамның әкеммен бірге қазіргі Жем ауылдық округіне қарасты Қосжантүбек деген жерде қой бағып отырғаны есімде. Біздер сол қыстақтан Қойсарыдағы мектепке жаяу қатынап оқитынбыз. Ал әке-шешем жазда совхоз малымен Қайнардағы жайлауға көшіп баратын-ды. Анамның алғашқы еңбек жолының қалай басталғанын білмеймін. Есесіне Ұлы Отан соғысы жылдарында колхоз басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарғанын анықтадым. Бұдан анамның ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында өкімет пен халық үшін аса жауапты жұмыста жүргенін көреміз. Ферма меңгерушісі болып еңбек еткен әкем болса майданнан броньмен қалдырылып, колхоздың балық шаруашылығы саласына басшылық етсе, шешем мал жағында болып, төрт түліктің басын аман-сақтап, көбейтіп, жоспарды артығымен орындауға бар күш-жігерін салды. Осылайша бірі теңізде, енді бірі құрлықта аянбай тер төгіп, жеңіс сағатын жақындатуға зор үлес қосты, -дейді Маруся апа.

Расында да, ер етігімен су кешіп, ел басына күн туған заманда Алтын Елемесова ауылдастарымен бірге уақытпен санаспай, «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен маңдай терін сарп етті. Уыздай жас келіншек көппен бірге колхоздың қара жұмысынан да аянып қалмады. Оның жеке мұрағатында сақтаулы тұрған 1947 жылдың 24 ақпанында берілген «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалі – ерлікке толы еңбегінің айғағы.

Ол Коммунистік партия қатарына тым жастай өткен еді. Сондықтан оған жүктелетін жауапкершілік жүгі де ауыр болды. Тектіден туған тұрғызбалық қыз соғыстан соң дүкенші, сауыншы болып еңбек еткенде де партия жүктеген сенім үдесінен шыға білді. Мемлекетке сүт тапсыру жоспарын артығымен орындап, өзінен кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетті.

Социалистік жарыстың жеңімпазы атанған коммунист Алтын Елемесова Ұлы Отан соғысына дейін-ақ халықтың қалаулысы болған екен. 1936 жылы құрылған Қияқ ауылдық кеңесінен аудандық кеңеске депутат болып сайлануы еңбекке ерте араласып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне де белсене қатысқанын көрсетсе керек. Біздің қолымыздағы 1939 жылғы аудандық Кеңестің бірінші шақырылымының депутаттық куәлігі оның 22 жасында Халық қалаулысы атанып, сол кездегі Жылой өңіріне танылғанын айғақтайды. Елмен бірге еңбек ете жүріп, еңбеккерлердің мұң-мұқтажын жоғарғы басшылыққа жеткізген нәзік жан ауылдағы көп мәселенің түйінін тарқатуға атсалысқаны анық.

Колхоздар қосылып, соның ізінде құрылған «Ембі» совхозының №3 фермасының аға шопаны болып еңбек еткенде де ешқашан есе жіберген жоқ. Социалистік міндеттеме қабылдаған ол мал басын аман сақтап қана қоймай, жоспарды артығымен орындағанын 1966 жылы алған Құрмет грамотасы айғақтайды. Онда совхоз директоры Қ.Оспанов, партком секретары З.Қоспақов, жергілікті кәсіподақ төрағасы А.Сүйеумағанбетовтің қолдары қойылған 1 мамыр мерекесіне орай берілген марапатта Алтын Елемесованың еңбегі ерекше атап өтіледі.

Сауда саласында да үздік шыққан Алтын Тұтынушылар кооперативінің мүшесі болды. Сондықтан да сол кездегі облыстық Тұтынушылар одағының VІІІ съезінің делегаты болып сайланды. Бастауыш партия ұйымының мүшесі ретінде бірнеше рет сол кездегі Жылой аудандық, Гурьев облыстық партия конференцияларына қатысты. 1969 жылы Батыс Қазақстан өлкелік әйелдер съезіне делегат болып қатысуы тұрғызбалық нәзік жанның қоғамдағы әйелдер мәселесіне де етене араласқанын айғақтаса керек.

Әрине, Алтын Елемесованың ел алдындағы абыройлы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1963 жылы Батыс Қазақстан өлкелік кәсіподақтары кеңесінің, Еңбекшілер депутаттарының облыстық кеңесі атқару комитетінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталып, есімі үш мәрте облыстың Құрмет тақтасына қойылды.

Ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көрген Алтын ана ұлын - ұяға, қызын – қияға қондырды. Жолдасы Елемеспен 40 жыл отасқан ол өмірлік қосағы дүние салған он жылдан кейін немере-жиендерінің ортасында 1983 жылы 66 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Қасиетті қара шаңырақтың орнын ұстап қалған ұлы Айтбай Елемесов ата-анадан қалған киелі ошақтың отын маздатып, жапырағын жайып отыр.

Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521