13 оқушы мектепке оралмай жүр

Жақында ауданымызға ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин,ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің" Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы" РММ-ның директоры Айнұр Әбдірасылқызы, аталған комитеттің бас сарапшысы Бақыт Арынов, Алматы облысы Дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтер келді.

Келген топтың мақсаты облыстағы діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың қалай жүзеге асып жатқанын зерделеу екен. Олар аудан әкімдігінің мәжіліс залында мекеме басшыларымен, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерімен, мұғалімдермен, жастармен және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Мәжілісті аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы жүргізіп отырды.Ия, шынында да, ауданымызда бұл саланың жайы нешік? Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Шойкин:- Елбасының дін саласындағы саясаты қалай жүзеге асырылып жатқаны министрліктің бақылауында. Агенттік жабылып, орнына комитет құрылды. Қазір маңызды құжаттарды дайындау жұмыстарын жасап жатырмыз. Әдістемелік, ақпараттық жұмыстарды жүргізудеміз. Халықпен жер-жерде кездесіп, жергілікті жерлерде туындап жатқан мәселелерді білуге тырысып жатырмыз. Сондықтан бүгін пікірлеріңізді ашық айтыңыздар. Сіздердің пікірлеріңізді көбірек естігіміз келеді,-деді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев ауданымыздағы дін саласының жай-күйі, осы салада мемлекеттік саясаттың қалай жүзеге асып жатқандығы жөнінде қысқаша баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданымызда 2700 адам діни сенімде. Өкінішке орай , солардың ішінен 300 адам - теріс діни бағытта адасып жүргендер, ал олардың 60 пайызы жастар екендігі де алаңдатады. Дегенмен 6 адам өз қатесін түсініп, дұрыс жолға түскен. Теңіз кенішінде, көптеген мекемелерде теріс діни бағыттардың қауіптілігі мен одан сақтану жолдары туралы үгіт-насихат тобы жиналыстар өткізді.

Ауданымыздағы мешітте намаз оқу тәртібін бұзған азаматтарға әкімшілік жаза қолданылып, айыппұлдар салынған. Келген топ аудан әкімі орынбасарына "Қазіргі ахуалға қандай баға берген болар едіңіз?" деп сауал қойғанда теріс жолда жүргендер санының өспегенін, жағдайдың тұрақты екендігін айтты. Бұдан соң аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова білім саласында діни ахуалға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады: -Жылыой ауданы бойынша 2017-2018 оқу жылының қыркүйек айында аудандағы 12 мектепте барлығы 53 оқушы (40 отбасындағы) орамал тартып, мектеп формасын сақтамай келген болатын. Осы 53 оқушының ішінен 11 оқушы (7 отбасындағы) Алматы, Шымкент қалаларына көшіп кетті. 2017 жылдың 26 қыркүйегі - 2018 жылдың 15 мамыры аралығында 29 оқушы (22 отбасындағы) орамалдарын шешіп, сабаққа мектеп формасымен қатысуда . Сонда аудан бойынша 13 оқушы орамал тартып, мектеп формасын сақтамағандықтан сабаққа қатыспай отыр. Олардың 8-і ІІІ оқу тоқсаны қорытындысымен бағаланбады. Осы аталған 8 оқушының ішінен 3 оқушының ата-анасы "Балаларымыз Мәскеу қаласындағы "Первая школа" жеке мектебінде ақылы оқып жатыр деген" анықтама тапсырған. Алайда бұл Оқушылар Қазақстан Республикасында жалпы орта біліммен қамтылмағандықтан, мектеп есебінен шығарылмай, бағаланбаушылар есебінде тұр. Қалған 5 оқушы- мектепалды даярлық сыныбы оқушылары. Оқушылардың ата-аналарымен республикалық түсіндіру тобы , сондай-ақ 25 сәуір күні облыстық Білім басқармасының "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды түсіндіруге бағытталған" жұмысшы тобы арнайы кездесу ұйымдастырды. Аудандардағы барлық мектептерде ата-аналар мен оқушыларға теологтар, мешіт имамдары, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен ақпараттық топ өкілдері 109 рет кездесу, жиналыстар өткізді. Орамал тартып, сабаққа келмей отырған 13 оқушы мәселесі кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия отырысында қаралды. Олардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде бірнеше хат жолданды. Ата-аналарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығына сәйкес мектеп формасы үлгілері таныстырылып, ұсыныстар берілді. Ауданымыздағы мешіттің найб имамы С.Ясин "Теологтар келіп, ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізгенде жат дінді ұстанып жүргендер мешіттен шығып кетеді. Қазір есептегі жат ағымдағы 300 адамның күні ертең 3000 болмасына кім кепіл? Сондықтан еліміздегі дінге қатысты заң талаптарын барынша күшейту керек" деген ұсынысын айтты.

Ақпараттық талдау орталығының ауданымыздағы өкілі, теолог Асланбек Есқайыров атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ол осы уақытқа дейін (теологтың ауданымызда жұмыс істей бастағанына көп болмаған) 100 адамға кеңес берілгенін, сондай-ақ ақыл-кеңес сұраған адамдарға ұялы байланыс телефоны арқылы да кеңестер берілгенін айтты. А.Есқайыров әлеуметтік желіге сараптама жасалып отыратынын мәлімдеді. Залдан тұрып сөйлеген ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуовтың пікірі көпшілікті елең еткізді. - Жасыратыны жоқ, о баста дін саласында шеттен келетін зиянды ағымдарға тосқауыл қоймай, жағдайды осалсытып алдық. Жат ағымға кіріп кеткендердің санасы уланғандығы соншалық, олар ешбір ақпараттық түсіндіру тобының уәжіне құлақ аспайды, ақыл-кеңестерді тыңдамайды. Мәселен, мектепке орамал тартып келетін бір оқушының ата-анасымен кездестік. Сол кезде әлгілер мектеп директорының да, қоғам белсендісі боп жүрген байырғы ұстаз- менің де айтқанымды қаперіне де алған жоқ. Жат ағымға кіріп, адасқандарға арнайы құрылымдардың өзінің әлі келмей отырғанда ауылдық жерлердегі біз сияқты қарапайым жандардың қайдан әлі келсін!? Сол себепті дінге қатысты заң талаптарын әлде де қатайта түспесе болмайды,- деді ол. Бұл пікірді залда отырғандар ду қол шапалақтап қостады. "Жылыой жарнамасы" газетінің бас редакторы Нұрдәулет Ақназаров теологтардан газетке ақпарат алуға қатысты өз пікірін білдірді. Еліміздегі Дін істері комитетінің "Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы" РММ-ның директоры Айнұр Әбдірасылқызы дін саласына қатысты заңдағы өзгерістер мен бірыңғай мектеп формасын сақтау талаптарына байланысты терең сараптамалық талдау жасап, көпшілікке түсіндірді. Залдан қойылған ұсыныс-пікірлерге жауап берді. Мәжілістен соң ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты қызметкерлері ауданымыздағы орталық мешітте имамдармен кездесті.

С.ТӘЖІҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521