Таяуда Атырау қаласында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатына облыстық іріктеу турнирі болып өткен-ді. Аймақтың түкпір-түкпірінен келіп, бақ сынаған дүбірлі додаға ауданның балғын палуандары да қатысып, күш сынасты. Өңкей сайдың тасындай іріктелген небір мықты спортшылармен белдескен жылыойлықтар жеңістің биік тұғырынан көріне білді.

Жасөспірімдер арасындағы ақтық айқаста 51 және 64 кг салмақта күш сынасқан Бақдәулет Қоңыс пен Абзал Ізтұрған жүлделі ІІІ орынды жеңіп алса, 72 кг салмақта белдескен Қанат Әнуаров қарсыластарының көпшілігін тізе бүктіріп, ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал 64 кг салмақ дәрежесіндегі Қайсар Табылды боз кілемдегі белдесуде қарсыластарының алдында қайсарлық таныта білді, Сөйтіп, ақтық айқаста жүлделі І орынды жеңіп алып, жеңістің биік тұғырынан көрінді.

Алдыңғы толқын ағаларынан кіші,жасөспірімдер тобындағы балғын палуандар да қалыспады. 51 және 50 кг салмақта белдескен Жандарбек Керей мен Нұрлан Мағзом алғашқы белдесуде-ақ көп қарсыластарының арқасын жерге тигізді. Бірақ ақтық бәсекеде Жандарбек жүлделі ІІ орынды, Нұрлан ІІІ орынды иеленді. Ал 46 кг салмақ дәрежесінде күрескен Әділет Жексенбай ешкімге есе жібермеді. Қарсы келген өзі секілді палуандардың бәрін алып ұрып, ұпай жағынан да, күш жағынан да басым түсті. Күрес әдісін әдемі меңгерген Әділет ақтық айқаста жүлделі І орынды жеңіп алып, мерейі үстем болды.

- Балғын палуандар алдағы ақпанда Алматы және Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды. Спортшыларымыздан зор үміт күтіп отырмыз,-дейді жаттықтырушысы Мейрам Лайбаев.

Біз де балғын палуандарға республикалық чемпионатта сәттілік тілейміз.

Е.Қошақанов.