Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру, ел дамуының басым бағыттарын талқылау мақсатында өңірімізге келген республикалық жұмыс тобы Исатай ауданының тұрғындарымен кездесті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты Арман Хайруллин, аудан әкімі Нұрым Мусин, сондай-ақ ауыл ақсақалдары, жастар және мекеме басшылары қатысты.Кездесу барысында Құрылтай депутаты Арман Хайруллин биылғы Жолдауда көтерілген негізгі бастамаларға тоқталып, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, құжатта белгіленген міндеттер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірумен ғана шектелмей, өңірлердің өркендеуіне, ауылдардың әлеуетін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
– Президент Жолдауындағы маңызды жаңалықтардың бірі – еліміздің барлық өңірін қамтитын ауқымды құрылыс жұмыстарына басымдық берілуі. Денсаулық сақтау саласын дамыту, балаларды оңалту орталықтарын ашу, көлік логистикасы мен энергетиканы жетілдіру, ауыл шаруашылығын қолдау бағыттарындағы бастамалар елдің тұрақты дамуына негіз болады. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр. Учаскелік дәрігерлердің қызметін жетілдіру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру да маңызды міндеттердің қатарында. Мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, есептілік жүктемесін жеңілдету арқылы олардың басты назарын білім сапасы мен бала тәрбиесіне аударуға мүмкіндік туады. Жасанды интеллект пен цифрландыру технологияларын ауылдық деңгейдегі басқару жүйесіне енгізу де уақыт талабынан туындаған қадам, — деді депутат.Сондай-ақ ол Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыруда қоғамның белсенділігі маңызды екенін атап өтіп, тұрғындарды елдік мәселелерді талқылауға атсалысуға шақырды. Заңнамалық өзгерістерге қатысты ұсыныс-пікірлері бар азаматтардың ойымен бөлісуге әрдайым дайын екенін жеткізді.
Жиында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де сөз алып, Жолдауда қамтылған энергетика, экология және заңнаманы жетілдіру мәселелеріне қатысты пікірін білдірді. Әсіресе, елдің энергетикалық әлеуетін арттыру мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағыттарына назар аударды.
Ол Мемлекет басшысының «Бұл кезеңді шын мәнінде «Электр дәуірі» деп атауға болады. Қазақстан өзінің шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеу үшін пайдалануға тиіс» деген сөзін келтіріп, энергетика саласын дамыту елдің болашақтағы экономикалық мүмкіндіктерімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Ерболат Насимуллиннің айтуынша, Қазақстан жылына шамамен 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіргенімен, экономиканың дамуы мен электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы қолданыстағы қуат көздеріне түсетін жүктемені күшейтіп отыр. Осыған байланысты атом электр станциясын салу мәселесінің стратегиялық маңызына тоқталды. Сондай-ақ еліміздің уран қоры мол әрі оны өндіруде әлемдік жетекші орындардың бірінде болуы атом энергетикасын дамытуға мүмкіндік беретін факторлардың бірі екенін жеткізді.
Кездесу барысында Жолдауда көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасуға мүмкіндік туды. Республикалық жұмыс тобының өкілдері тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдап, ел дамуына қатысты бастамалардың мән-маңызын түсіндірді.
Сағыныш ҚАЙЫР,
Мәлике МӘЛІК




