#ЗАҢМЕНТӘРТІП
Сіздерге жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында маңызды үндеу жолдағым келеді. Қазіргі уақытта облыс көлемінде, қала көшелері мен тас жолдарда, сондай-ақ ауданаралық бағыттарда жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр. Мәселен, жыл басынан бері облыс көлемінде 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 17 адам қаза тауып, 450-ден астам адам түрлі дене жарақатын алған. Бұл қайғылы жағдайлардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін сақтамаудан, яғни адам факторынан туындауда. Атап айтқанда, жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асыруы, көлік басқару кезінде ұялы телефон қолдануы, маневр жасау талаптарын бұзуы, қарсы бағытқа шығуы, жаяу жүргіншілерге жол бермеуі – жол апаттарының негізгі себептері болып отыр.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жол-көлік оқиғалары салдарынан жас балалар мен сәбилердің де зардап шегу жағдайлары тіркелуде. Кей жағдайларда ата-аналардың балаларды арнайы автокреслосыз немесе қауіпсіздік белдігін тақтырмай тасымалдауы қайғылы оқиғаларға әкеліп соғуда. Әрбір бала – бұл болашақ, әрбір сәби – бұл отбасының үміті. Олардың өмірі мен қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпайық.
Құрметті жүргізушілер!
Сіздердің әр әрекеттеріңіз адам өміріне тікелей әсер етеді. Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы адам өліміне әкелсе, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеміз.
Егер Сіздер жүргізушінің жылдамдықты асырғанын, ұялы телефон пайдаланғанын немесе көлікті шаршаңқы күйде басқаруын байқасаңыздар, дереу ескерту жасаңыздар немесе 102 операторына хабар беріңіздер. Бұл – өзіңіздің және өзгенің өмірі мен денсаулығын сақтауға қосқан үлесіңіз екенін ұмытпаңыздар.
Жолдағы қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік!


