Жеңіс жолындағы Жылыой

Елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтеді. Бұл салауатты өмір салтын насихаттап, дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың маңызын арттыруға, сондай-ақ ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың еңбегін дәріптеуге арналған айтулы күн. Бұл ретте жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстар мен спортшылардың жетістігіне көз жүгіртсек, аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы жыл санап артып келе жатқанын аңғаруға болады.

Жыл басынан бері ауданда бұқаралық спорттық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 5000-нан астам тұрғынды қамтыған 41 спорттық жарыс өткен. Оның 8-і облыстық, 33-і аудандық деңгейдегі спорттық бәсекелер. Бұл көрсеткіш аудан көлемінде спорттық іс-шаралардың жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді өмір салтына көңіл бөлгенін көрсетеді. Бұқаралық спортпен қатар, аудан спортшылары да облыстық және республикалық додаларда Жылыой мерейін үстем етіп жүр. Бұл ретте бөлім қаражаты есебінен спорттың әр түрінен өнер көрсететін ересек спортшыларға, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты зақымдалған, көру қабілеті бұзылған және есту қабілеті төмен спортшыларға облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік жасалған. Соған сәйкес ауданның ересек спортшылары қаңтар айынан бері облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстардан жалпы саны 89 медаль иеленген. Оның 34-і – алтын, 18-і – күміс және 36-сы – қола медальдар. Бұл спортшылардың тынымсыз еңбегі мен жаттықтырушылардың кәсіби дайындығының, сондай-ақ спортқа жасалып отырған қолдаудың нәтижесі десек артық айтқандық болмас.

 Спорт мерекесінің демалыс күндерімен тұспа-тұс келгеніне қарамастан, сенбі, жексенбі күндері түрлі шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – ауданның түрлі спорт саласында топ жарған чемпиондары мен спорт жанашырларының қатысуымен өткен таңғы жаттығу. Мұнда 50-ге жуық тұрғын қатысып, жеңіл дене жаттығуларын жасады. Мерекелік сипаттағы бұл шара тұрғындарды ерте тұрып, спортты күнделікті өмір салтына айналдырудың маңызын көрсетті. Жаттығуға қатысқан бапкерлердің бірі – Талғат Жұмағалиевтың айтуынша, таңғы жаттығу спортшылардың күнделікті дайындығының шағын ғана бөлігі.

 - Бұл біздің күнделікті жаттығудың тек 10%-ы ғана. Келушілердің саны көңіл қуантты. Алдағы уақытта осылай жиі өтіп тұрса, таңғы жаттығуды дәстүрге айналдыра аламыз. Қазіргі таңда ауданда, әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында спортқа көңіл бұрушылар саны артуда. Бүгінде өзім Қаратон кентінде аралас жекпе-жек жаттықтырушысымын. Соған сәйкес Қаратон кентінде 70, ал Құлсары қаласында 100-ге тарта шәкіртім бар. Олардың арасынан чемпиондар шығып жатыр,-дейді бапкер таңғы жаттығу барысында.

Таңғы жаттығудан бөлек, ауданымызда киберспорттан аудандық турнир мен әуесқойлар арасында «JAZ RUN 2026» жеңіл атлетикалық турнирі ұйымдастырылды. Бұл жарыстар спорттың жастар арасында кеңінен дамып келе жатқанын аңғартады. Мұнда Атырау қаласынан кәсіби желаяқтар келіп, жарыстың ауқымын кеңейтті. Ал «Counter-Strike 2» ойынынан өткен аудандық турнирге 10 команда қатысып, олар тартысты ойын үлгісін көрсете алды. Компьютерлік ойын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «PIXEL GH» компьютерлік клубының ұйымдастыруымен өтіп, нәтижесінде І орынды «Достық» ықшам ауданы командасы, ІІ орынды «1 ықшам аудан» командасы, ІІІ орынды «3 ауыл» командасы иеленді.

Бүгінде ауданда 7 балалар-жасөспірімдер мектебі мен «Орталық стадион», бұдан бөлек «Сүлеймен», «Жігер» сынды спорттық мекемелер бар. Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде спорттың 13 түрінен үйірмелер жұмыс істейді. Бұл туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Әлібек Науаров:

- Үйірмелерде балалар еркін күрес, дзюдо, таеквондо, бокс, волейбол, қазақ күресі, самбо, баскетбол, футбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, үстел теннисі және каратэ бағыттары бойынша жаттығады. Бұл мектептерде спортпен тұрақты түрде айналысатын балалар саны 5000-ға жуықтап отыр.

Ал «Орталық стадион» ғимаратында волейбол, футбол, баскетбол, қазақ күресі, дзюдо, таеквондо, каратэ, грэпплинг және үстел теннисі бойынша 9 үйірме жұмыс істейді. Онда 711 бала спортпен шұғылданады. Бүгінде жас спортшылардың еңбегі де нәтижесіз емес. Ауданның жас спортшылары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны 899 медаль жеңіп алды. Бұл жетістіктердің артында күн сайынғы жаттығу, тәртіп, табандылық және бапкерлердің тынымсыз еңбегі тұр,-дейді өз сөзінде.

Иә, кейінгі кезде ауданда жүгіру спортына қызығушылық танытқан жастардың да қатары артып келеді. Бұған салауатты өмір салтын ұстанып, таңертеңгі және кешкі уақытта жүгіруді әдетке айналдырған тұрғындар дәлел. Одан бөлек ауданда «Jylyoi Run Club» және «Kango Run Club» сынды желақтардан құралған спорттық командалар бар. Жүгіру – арнайы спорттық нысанды немесе күрделі құрал-жабдықты қажет етпейтін, кез келген жастағы адамның денсаулығына пайдалы дене белсенділігінің бірі. Сондықтан жүгіру клубтарының құрылуы аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа тартудың тиімді жолдарының біріне айналып отыр.

 

 Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT