Қызметтің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары салада еңбек ететін маман үшін кәсіби біліктілікпен қатар, мықты дене дайындығының да маңызы зор. Осы ұстанымды негізге алған Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері жазғы спартакиадада өзара бақ сынауда.
Дәстүрлі спорттық дода қызметкерлердің физикалық дайындығын шыңдаумен қатар, салауатты өмір салтын дәріптеуге, ұжым ішіндегі ынтымақты нығайтуға және қызметтік шеберлікті арттыруға бағытталған.

Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Берік Бакулин мұндай жарыстың маңызына арнайы тоқталды.
-Спорт адамды шынықтырып қана қоймай, тәртіпке баулиды, төзімділік пен табандылықты қалыптастырады. Бұл қасиеттер күнделікті қызмет барысында аса қажет. Сондықтан мұндай жарыстар ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара сенімді нығайтып, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді, — деген Берік Сансызбайұлы барлық қатысушыларға сәттілік пен әділ бәсеке тіледі.

Биылғы спартакиада бағдарламасына тоғыз спорт түрі енгізілген. Қатысушылар шахмат, асық ату, үстел теннисі, балық аулау, киберспорт, жылдамдыққа жүгіру, пейнтбол, волейбол және садақ атудан сынға түсіп жатыр. Әр жарыста қатысушылардың ептілігі, мергендігі, төзімділігі мен тактикалық ойлау қабілеті сыналуда. Командалық ойындарда өзара түсіністік пен ұйымшылдықтың да маңызы айқын сезіледі.
Жарыстың екінші күнінде балық аулау, садақ ату, киберспорт және пейнтбол бойынша үздіктер анықталды. Тартысты өткен сайыстарда қатысушылардың жеңіске деген жігері мен спортқа деген қызығушылығы анық байқалды.

Спартакиада алдағы күндері де жалғасады. Әлі волейбол мен жылдамдыққа жүгіру бойынша жарыстар өтіп, жалпыкомандалық есептің жеңімпаздары анықталмақ. Дәстүр бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен спортшылар дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Қызмет барысында жинақылық пен тәртіпті бірінші орынға қоятын қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері спорт алаңында да сол қасиеттерін дәлелдеуге ұмтылуда. Себебі мықты маман болудың бір өлшемі – кәсіби білім ғана емес, шыныққан денсаулық, берік мінез және ұйымшыл ұжым. Осындай бастамалар қызметкерлердің қызметтік дайындығын нығайтып қана қоймай, ортақ мақсат жолындағы бірлікті бекемдей түседі.
Майра ЕРҒАЛИ






