Сағызда жаңа стадионның құрылысы аяқталды

Сағыз ауылында заманауи стадионның құрылысы аяқталды. Жаңа кешенді күзде ашу жоспарлануда,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жалпы аумағы 6 гектарды құрайтын кешеннің айналасы толық абаттандырылып, қоршаумен қоршалған. Мұнда тұрғындардың спортпен еркін айналысуына әрі түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған.

Кешен аумағында заманауи талаптарға сай үлкен футбол алаңы салынды. Сондай-ақ 135 орынға арналған көрермендер трибунасы орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары, автотұрақ пен қызмет көрсету алаңдары қарастырылған. Аумақ көгалдандырылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі жүргізілген. Бұдан бөлек, инженерлік-коммуникациялық желілер толық тартылған.

Жаңа стадион ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, тұрғындардың тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнда ауылдық, аудандық және өңірлік деңгейдегі спорттық жарыстар өткізіліп, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға қолайлы жағдай жасалмақ.

Мамандардың айтуынша, бұл нысан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпал етеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT